Анонс


Орталық музей көпшілікке замандастарға арналған көрмесін ұсынды

Жұма, 26 Қазан 2018 00:18
Орталық музей көпшілікке замандастарға арналған көрмесін ұсынды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік музейінде ARTSPACEkz  көркем өнер галереясының авторлық стилистикасы жағынан әрқилы екі суретшісі - Зульхайнар Қожамқұлов мен Абдуахат Мұратбаев туындыларының «Біз замандастарыңызбыз!» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kzсайты.

«Болашаққа жарқын сеніммен қарайтын Мұратбаев шығармаларының қарама-қайшылығы мен философиялық ой тұнған Қожамқұловтың жұмыстары Қазақстанның қазіргі заманғы өнерінің көпқырлылығын мейлінше ашып, көрермен қызығушылығын арттыра түседі», - дейді музей мамандары.

Зульхайнар Қожамқұлов - суретші, мүсінші, педагог, философ, КСРО Суретшілер одағының мүшесі, NICOR «Әлем халықтарының өнері» Халықаралық Қауымдастығының еңбек сіңірген суретшісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері – заманауи қазақстандық өнер кеңістігіндегі белсенді жұмыс істеп жүрген суретшілердің бірі. Оның жұмыстарына терең философиялық мән тән. Суретшіні мәңгілік махаббат, өз еліне деген сүйіспеншілік тақырыбы толғандырады, ол адамның нәзік психологиялық реңктерін, рухани өмірінің астарын ашуға бағытталған тәсілдерді шебер меңгерген.

Абдуахат Мұратбаев - суретші, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, республикалық, шетелдік және облыстық көрмелердің қатысушысы. Ол 1981 ж. Шымкент көркемөнер училищесін және 2004 ж. Бішкек қ. Қырғыз педагогикалық университетін бітірген. Экспозицияға автордың жарқын кескіндеме жұмыстары қойылған. Оның шығармаларында қазақтың ұлттық образдары модернизм ағымымен үйлесім тапқан.  Суреттің әр бөлшегі маңызды және өз мәні бар. Абдуахаттың пікірінше, «нағыз құндылықтар дегеніміз бізді қоршап тұр және біз бір-бірімізге, табиғатқа қамқорлықпен қарайтын болсақ, ол да бізге сүйіспеншілікпен жауап қайтарады…»

 Композициялық көрме екі бөліктен тұрады: кескіндемелік жұмыстар мен мүсіндік арт-объектілер. Әсіресе, Зульхайнар Қожамқұловтың музейдің кіреберісінде орналасқан, металдан жасалған «Бұқа» және Абдуахат Мұратбаевтың  «Қуаныш», «Адам мен Ева» сәндік композициялары  назар аудартады. Шығармалар айрықша көркем айқындылығымен ерекшеленеді, көркемдік пішіні жағынан қазіргі заман үшін көкейтесті болып табылады. Мұндай арт-объектілер  түрлі ұлт пен дінге жататын, түрлі жастағы қала тұрғындары, қатары жыл санап көбейіп келе жатқан Қазақстан қонақтары мен саяхатшылар үшін тартымды жерге айналуы мүмкін. Олар әрдайым келушілердің қызығушылығын тудырып, авторлық ұжымның дарынын ғана емес, көкейтесті эстетикалық талаптарға сай келетін қазақстандық өнердің деңгейін де паш етеді. 

 

  Көрмеге 80 астам жұмыстар қойылған.

 Көрме 2018 ж. 31 қазанға дейін өтеді.

2143 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper