Абай музейінің ұлт руханиятындағы орны

Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2019 16:32
Абай музейінің ұлт руханиятындағы орны KAZMUSEUM.KZ -  

Ұлт мәдениетін, сөз өнерін әлемдік деңгейге көтерген Абай, оның Шәкәрім бастаған дарынды шәкірттері шығармалары, ұлылықтың ізін жалғаған Мұхтар Әуезовтің есімі мен бай мұрасы – қазақ халқының асыл қазынасы. Үш алыптың өлмес мұрасын, туыстық-өнер айналасын 80 жылға жуық кеңінен насихаттап келе жатқан Абай қорық-музейі еліміздің рухани орталығына айналып, қазақ мәдениетінің өркендеуіне зор үлесін қосуда.

Қазақ халқының ұлылығын тану Абайдан бастау алары сөзсіз. Дала данышпанының ұлағатты сөздері – халқымыздың рухани азығы, баға жетпес асылы. Ендеше сол асыл мұраны, халқымыздың ең үлкен мақтанышы, ойшыл ақын, кемеңгер бабамыз Абайдың мұрасын насихаттап келе жатқан музейдің қадір-қасиетінің айрықша екендігі, атқарар қызметі жүгінің теңдессіз салмақты екендігі даусыз болар.

Қазақ әдебиетінің аса көрнекті тұлғасы, ғұлама жазушы М.Әуезовтің бастамасымен 1940 жылы Алаш қаласының төрінде негізі қаланған Хакім Абайдың қарашаңырағының Қазақстан тарихындағы тұңғыш әдеби-мемориалдық музей екендігі өз алдына, сонымен қатар әрі республикалық тарихи-мәдени, әрі әдеби-мемориалдық, әрі  қорық-музей болғандығы тағы да даралығын айшықтай түскендей.

Қазақ даласында бұндай сан-салалы қорық - музей жоқ десем еш артық кеткендік, дәлелсіз мақтанға ұрынғандық болмас. Музейдің бір ғана Абайдың қара шаңырағы болғандығының өзі неге тұрарлық.... Ал осы музейдің бөлімдеріне тоқталсақ ше... Қазақтың ғұламасы, теңдессіз жазушысы, дана Мұхтардың дүниеге келген, балалық-жастық шағы өткен туған мекені Бөрлідегі музей-үйі әлемдегі ұлылыққа тағзым етер азаматтардың аңсап келер мекені емес пе. Ал дала данышпаны атанған Шәкәрімнің саят қора экспозициясы, Абайдың адал да бірегей шәкірті Көкбай ақынның мешіт-медресі музейі мен кесенесі қалың қазақтың қасиетті мекендері ғой...! Дара дауысымен елінің мәңгілік ыстық жүрегінде сақталар Әсет ақынның Мақаншыдағы музейі, Елбасымызға тұңғыш бата берген Шәкірдің музей-үйі де Абай музейінің, Абай қарашаңырағының бөлімдері. Ал, Жидебай дегенде тебіренбес адам болмас. Қасиетті қарт Шыңғыстаудың топырағында жаралып, мәңгілік мекен тапқан Абай мен Шәкәрімнің кесенесі де, Абайдың қарашаңырағы да Жидебайда емес пе... Тарихи ескерткіштерімен бірге қорғауға алынған 6400 гектар қорық алқабы да өзінің тарихи сипатымен ерекшеленбек.

Шындығында да Абай музейі қазіргі таңда еліміздегі ең ірі қорық-музейлердің біріне айналды. Қысқаша ақпарат үшін айта кетсем музей қорындағы жалпы жәдігерлердің саны – 21690 болса, Музей кітапханасындағы 14520 кітаптың  911 кітабы және қордағы кітаптардың 358 кітабы 1917 жылға дейін басылған ескі басылымдар. Бұл Ресейдің баспаларынан шыққан орыс классиктері және батыс Европа ойшылдарының кітаптары.

Қор бөлімінде сақтаулы кітаптардың 300-ге жуығы  араб графикасындағы кітаптар.  Осы кітаптардың 252–сі Абай оқыған Ахмет Риза медресесінің  кітаптары.

Музей қорындағы әр жәдігердің бай тарихы бар. Оларға мән беріп үңіле қарасаң ғасырлар үні естілердей,  сиқырлы сырлар ақтарылады... 

Қорық-музейінің ұлт руханиятындағы құндылығының бірі және басты ерекшелігі – Абайдың өз заманындағы жәдігерлердің сақталуында. Соның ішінде ең құндысы – ақынның 1885 жылы өзінің оқымысты достарының бірі Н.И.Долгополов арқылы сол жылдары ұйымдастырылып жатқан Семейдің тарихи-өлкетану музейіне тапсырған заттары. Абай қолданған заттарды, отбасы мен ұрпақтарынан қалған жәдігерлерді жәдігерлерді көрермендеріміз музей экспозициясынан көріп, тамашалай алады. Сонымен қатар өзге де сан алуан жәдігерлер мен елеулі экспонаттар: қолжазбалар, құжаттар, ескі басылымдар, бейнелеу өнерінің туындылары, этнографиялық заттар, фотосуреттер Абай музейінің құнды байлықтары.

Музейдегі қолжазбалар мен естеліктерді арнайы зерттеушілерге жақындату үшін ең алдымен, қорда сақталған деректердің көрсеткіші «Мұражай қорының жолкөрсеткіші» кітабы жарыққа шықты. Сексен жылдың ішінде тұңғыш рет басылған бұлкітап зерттеушілерге қорда сақтаулы құнды жазба деректер туралы мағлұмат берер көзі болып отыр.

«Абай мұражайының кітапханасы» сериясымен «Абай туралы естеліктер» жинағы, «Мұтылғанның тағдыры» (Шәкәрім туралы архив деректері мен естеліктер), «Көкбай ақын» кітаптары, Көкбай Жанатайұлы шығармаларының жинағы, «Абай мұражайының жәдігерлері» топтамасымен кітапшалар, музей бөлімдеріне арналған буклеттер және абайтанушы ғалымдардың еңбектері жарыққа шығып көпшілікке ұсынылуда.

 «Абай музейінің Хабаршысы» журналы (2010) және музейдің «Асыл қазына» газетінің (2012) жарық көріп келе жатуы музей қызметкерлері жұмысының жан-жақтылығын көрсетпек. Журналдың үлкен сұранысқа ие болғаны соншалық шет елдердегі әдебиетанушы ғалымдар да үлкен қызығушылық танытып отыр. Бұл игі іс музей тыныс-тіршілігін көрсетуге, абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану, алаштануға қатысты музей қорындағы құнды дүниелерден бастап, елімізге танымал ғалымдардың еңбектері мен музей қызметкерлері еңбектерін жариялауға зор мүмкіндік беруде.

Ғылыми бағытты тағы да айтар болсақ, Абай музейінің қызметкерлері жоспарлы түрдеғылыми іссапарларға, оның ішінде шетелдік ғылыми іссапарларға барып тұрады. Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Омбы қалалары мен Түркия архивтері мен кітапханаларында, Түркият университетінің Катанов кітапханасында ғылыми-зерттеу жұмыстар жасап тұлғаларымызға қатысты қаншама тың деректерді табудамыз.

Абайдың мемлекеттік қорық-музейі шетелдік әріптестерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатылған. Л.Толстойдың Ясная Полянадағы музей -усадьбасы, М.Лермонтовтың «Тарханы» қорық-музейіне,  А.Пушкиннің Михайловское селосындағы тарихи-мәдени және табиғи-ландшафты музей-усадьбасына тәжірибе алмасу мақсатында іссапар жасалып, осы музейлермен және Хакім Абай Құнанбайұлының шығармашылығы мен мұрасын насихаттау мақсатында Омбы аймақтық қоғамдық ұйымымен,  Орынбор облыстық бейнелеу өнері музейімен, А.С.Пушкиннің Мемлекеттік музейімен, Германияның Кассель қаласындағы Ағайынды Гриммдер музейімен, Америка Құрама Штатының Фулбрайт бағдарламасы аясында Мәдени туризмді дамыту бойынша және Өзбекстанның Ташкент қаласындағы Қазақ Ұлттық мәдени орталығымен меморандумға қол қойылған болатын.

Дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан  «Абайды оқы, таңырқа..», «Мұхтар мұрасы – адамзат байлығы» және «Мұтылғанның тағдыры» атты оқушылар мен студенттер арасында өткізілетін сайыстарымыз да өз жалғасын табуда. Ал Жидебайда өтетін Республикалық Абай оқуларына еліміздің түкпір-түкпірінен Абай мен Шәкәрімнің 300-400 шығармаларын жатқа білетін оқушылардың бас қосатынын сіздер жақсы білесіздер деп ойлаймын.

ҚР Ғылым Академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университет т.б ғылыми-зерттеу орталықтары, Жоғары оқу орындарымен бірлесіп абайтану, шәкәрімтану, мұхтартану, алаштану және музейтануға қатысты түрлі конференциялар, дөңгелек столдар, семинарлар ұйымдастырылуда.

2018 жылы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Қазақстаннның аса көрнекті тұлғалары музейлерінің Қауымдастығы құрылған болатын. Қазіргі таңда Абай музейі осы қауымдастықтың жұмыстарын атқаруда. Аталған Қауымдастық аясында биылғы жылы қазан айында Семей қаласында еліміздің түкпір-түкпірінен келген музей саласының мамандары бас қосты. Бас қосу аясында «Ұлы даланың Ұлы есімдері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіп, тұлғаларға арналған көрме жұмыс жасады. Абай музейімен еліміздің аса көрнекті тұлғаларды насихаттап жүрген жиырмадан астам музейлер ынтымақтастықты дамытуға арналған меморандумдарға қол қойылды.

Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай музейінде жұмыстар қызу атқарылуда.Семей қаласындағы Бас музейде жөндеу жұмыстарын жүргізу, экспозициясын жаңартуды, Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мавзолей кешеніндегі «Ұлылар мекені» музейін жасақтауды өзге түрлі бағыттағы шаруаларды жоспарланып отырмыз.

Музейге келушілер саны жылдағыдан артпаса кеміген жоқ. Келер жылы да халық назары Семейге, Абай музейіне, дала данышпандарын тудырған киелі мекенге ауатыны анық. Абай музейі ұжымының биылғы жылы атқарған жұмыстары келер жылы ауқымды шараға әзірлік деп қабылдауға болады.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі ұжымы яғни біз өз тарапымыздан Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту барысында алдағы уақытта республикамыздың Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Павлодар, Талдықорған және тағы басқа бірнеше қалаларында Ресейдің Новосібір, Омбы, Барнаул қалаларында музейдің негізгі және қолжазбалар қорынан көрмелер ұйымдастырмақпыз. Семей қаласында халықаралық ғылыми-тәжірбиелік конференция өткізу, Ұлы ақынның таңдамалы шығармаларының 4 тілдегі жинағы (қазақ, орыс, қытай, ағылшын), музей туралы және Ұлылар мекені хақында альбом-кітаптар, буклеттер әзірлену үстінде.

Хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойы науқандық шара емес. Әртүрлі бағытта, әртүрлі салада Абай мұрасын насихаттауды басты назарға алу болып табылады. Осы бағыттағы атқарылар жұмыстар Ұлы даланың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасын, өмірі мен шығармашылығын насихаттау барысын, абайтану ғылымын жаңа белеске көтеріп, жаңа серпін сыйлатынына сенім білдіремін.

 

Жандос ӘУБӘКІР, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры, ф.ғ.к., доцент

 

534 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper