Анонс


Османлы мемлекетінің Орта Азиямен байланысына арналған көрме ашылды

Бейсенбі, 22 Қараша 2018 22:34
Османлы мемлекетінің Орта Азиямен байланысына арналған көрме ашылды KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығының ұйымдастыруымен,  Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен «Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Көрме Осман империясының XVIII-XIX ғғ. ортасындағы Орта Азия мемлекеттерімен қарым-қатынасындағы сыртқы саяси қызметінің тарихын бейнелейді және келушілерге Түркияның мемлекеттік мұрағаты ұсынған мұрағаттық құжаттармен танысуға мүмкіндік берді.

 

«Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтары қарым-қатынастарының құжаттары» атты көрмесі мемлекеттік «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп, Османлы мемлекеті мен Орта Азия хандықтарының қарым-қатынастарын баяндайтын 40  құжат қойылды. Олардың барлығы Түркия мемлекетіне қарасты Османлы мұрағатынан алынған. Бұл құжаттардың арасынан қазақ ханы Мұхаммет Қайып хан мен Османлы сұлтанының 1713 жылы жазылған хаттары сияқты деректер Қазақстан халқына тұңғыш рет ұсынылды. Аталған хаттардың арсында: Қазақ ханы Қайып Мұхаммедке жолданған сұлтанның хатының көшірмесі (1713 жылғы 21 тамыз); Қазақ ханы Қайып Мұхаммед  жолдаған бөлек сый-сияпат тіркелген 10 дәптердің көшірмесі (1713 жылғы  21 тамыз); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің елшісі Сейіт Мұхаммедқұл бей тапсырған хаттың аудармасының көшірмесі (1714 жыл 16 қаңтар); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтің  елшісі Мұхаммед құлдың ауызша сәлемінің қағазға түсірілген нұсқасы (1714 жылғы 16 қаңтар); Қазақ ханы Қайып Мұхаммедтен келген хаттың көшірмесі (хатта Османлы мемлекетінің шынайы досы екендері, әрдайым дұға ететіндері туралы жазылған, 1716 жылғы  14 желтоқсан); М. Лессардың Орта Азия саяхаты туралы «Central Asia No1» деп аталатын рапортының таныстырылымы (1883 жыл); Түркістан аймағының Берлинде басылған картасы (1862 жыл) тәрізді маңызды құжаттар бар.  

Сондай-ақ Бұхара, Хиуа және Қоқан хандықтары мен Османлы мемлекетінің қарым-қатынастарын көрсететін басқа хаттар, маңызды деректер мен карталар бар.

Экспонаттардың арасында Түркия Мемлекеттік архивінің тартуы ретінде  қазақтардың Түркияға көшуіне қатысты қосымша құжаттарды да кездестіруге болады.

Аталмыш жиында Түркия Республикасы Премьер-Министрлігіне қарасты Мемлекеттік мұрағаттар басқармасының бас директоры, профессор Угур Үнал, Қазақстандық архив қызметкерлері  мен тарихшылар бас қосты.

         

 

17233 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper