Анонс


ICOM халықаралық музей күні мерекесінің қорытындыларын жариялады

Дүйсенбі, 06 Маусым 2016 03:08
ICOM халықаралық музей күні мерекесінің қорытындыларын жариялады KAZMUSEUM.KZ -  

ICOM (Халықаралық музейлер қауымдастығы) халықаралық музейлер күні мерекесінің қорытындыларын жариялады, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

ICOM-ның (Халықаралық музейлер қауымдастығының) Президенті Ганс Мартин Хинцтің баяндамасынан 2016 жылғы музей күнін атап өткен елдердегі негізгі 10 деректі ұсынамыз.

  1. Биыл музей күні мерекесін 111 мемлекет ресми түрде атап өтті (Қазақстан Республикасы да осы тізімге енген - Автор). Аталған 111 мемлекетте 18 мамыр күні 2000-нан астам шара өтті.
  2. Халықаралық музейлер күні мерекесі биыл 39-шы рет ұйымдастырылды. Алғаш рет 1977 жылы 18 мамырда Мәскеуде өткен халықаралық музей конференциясында ұсынылған болатын.
  3. Музейлер күні аясында «Музей және мәдени ландшафт» тақырыбы кеңінен талқыланды.
  4. Халықаралық музейлер күніне орай Иран Ислам Республикасы салтанатты түрде ICOM-ға (Халықаралық музейлер қауымдастығына) қабылданды. Салтанатты рәсімге орай Иранның Тегеран және Шираз қалаларында музей күніне байланысты бірқатар шара өтті. Салтанатты қабылдауға ICOM (Халықаралық музейлер қауымдастығының) Президенті қатысты.
  5. Үндістан мемлекеті музей күнінде балалармен байланысқа ерекше мән берді. Музейлер жанынан ұйымдастырылған көрмелерге балалар жинаған коллекциялар ұсынылды.
  6. Пәкістан музыкалық аспаптарын насихаттауға көңіл бөлсе, Қытай көркемсурет өнерін насихаттауға басымдық берді.
  7. АҚШ пен Мексика жасөспірімдерге арналған шараларды көптеп өткізді. Сондай-ақ, бірнеше штатттарында жаңа музейлердің тұсауын кесті.
  8. Германия, Швейцария, Болгария, Италия мен Испания, Португалия және Кипр тәрізді еуропалық мемлекеттердің музейлері әдеттегідей қонақтарға толы болды. Музейлер бұл күні көрмелер мен дәрістер, қойылымдар өткізді.
  9. Африкадағы Того мемлекеті де Иран тәрізді бұл күні алғаш рет музей күнін атап өтті. Африканың көптеген елдерінде музей күнін атап өту үшін Еуропа мемлекеттері демеушілік жасаған.

10. Көркемсурет өнерінің дамуына ерекше мән беретін Австралия мен оған жақын аралдағы мемлекеттер ерекше көрмелер ұйымдастыруымен есте қалды.

 

Баяндамадан үзінді. Ағылшын тілінен аударған Нұрсерік Жолбарыс. 

4678 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper