Анонс


Ж.Қалқаман: Ы.Алтынсариннің есімін ЮНЕСКО деңгейінде таныту керек

Сәрсенбі, 23 Қыркүйек 2015 11:20
Ж.Қалқаман: Ы.Алтынсариннің есімін ЮНЕСКО деңгейінде таныту керек KAZMUSEUM.KZ -  

Ы.Алтынсариннің есімін ЮНЕСКО деңгейінде таныту керек. Бұл туралы Қостанайға жеткен «Ұлы дала елі» экспедициясы барысында BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті философия кафедрасының профессоры Жақып Қалқаман айтты.

«Бүкіл әлемге әйгілі жазушымыз Мұхтар Әуезов кезінде «Біздің қазақтың тарихын еске алған кезде рухани жағынан біз үш адамды, үш тұлғаны бір-бірімен ажыратпаймыз» деген екен. Олар - Абай, Шоқан, Ыбырай. Ал енді мен келесі ұсынысымды айтудан жалықпаймын. ЮНЕСКО-ның деңгейінде Абай мен Шоқанның есімдері танылып жатыр, барлығы аталып өтеді, әрине, олардың еңбектері сіңген. Менің айтайын дегенім, Ыбырай Алтынсарин да осы деңгейде танылатын тұлға. Ол да қазақтың кім екенін, ұлттың кім екенін, біздің елдің кім екенін көрсеткен азамат. Ол ұлы даламыздың ұлы ұлдарының бірі, ұлтымыздың ұстазы, ұстаздардың ұстазы», - деді Қалқаман Хасенұлы.

Ыбырай Алтынсарин Қостанайдан 50 шақырым жердегі Жаңбыршы деген арғы атасының ауылында жерленген. 1947 жылы Ы.Алтынсарин туралы деректер жиналып, сол жылы өлкетану музейінің директоры Реутов келіп, сызба жұмыстарын жүргізен екен.

«Халықтың ұлы ағартушысы Ыбырай мен оның туыстары осы жерде жерленген деген құжат менде бар. Ол орысша жазылған, оның схемасы, сұлбасы, үйінің де орны бар. 1879 жылы, Қостанай қаласының іргетасы қаланған жылы Ыбырай Алтынсарин Торғай облысының инспекторы болып тағайындалып, осы жерде өзіне бір үлкен үй салады. Бұнда 10 жылдай, дүниеден өткенше өмір сүрген. Оның үйінің маңындағы көлдің Инспектор аталуының да тарихы сол кісімен байланысты. Бұл жерде Ыбырай инспектор тұрғандықтан көл бүгінгі күнге дейін солай аталып кеткен», - деп әңгімеледі ғалым.

Оның айтуынша, 1884 жылы Ы.Алтынсарин Қостанайда бірінші қазақ мектебін ашады. Ол мектептің орнында қазір облыстық прокуратура орналасқан. Сондай-ақ, ағартушы қазақ балаларына арналған ауыл шаруашылығы мектептерін ашуды көздеген, бірақ бұл арманына жете алмаған. 

«Осындай тарихи жерлерде сыртқы және ішкі туризмді дамытуға болады. Оған қаражат, инфрақұрылым, адам, жалпы көп нәрсе керек. Келесі жылы ұлы ұстаздың 175 жылдығы да аталып өтпек. Мысалы, Пушкин «Капитанская дочка» шығармасын жазу үшін Орынборға, Оралға келеді. Бұл жерде ескерткіш бар. Сол А.С.Пушкинді алып келген атқосшы бір құдыққа келіп, атын суарған екен, сол құдық әлі тұр ғой. Ал мына жерде Ыбырайдың әкесі Алтынсары, Алтынсарының әкесі Балқожа, Балқожа бидің әкесі Жаңбыршы тұрған. Сол жерде құдық та тұр, ескерткіш те тұр, соны енді біз қашан дұрыстаймыз? Көп жастар А.Алтынсарин мазарына тағзым етіп келеді, осыдан басқа өңірімізде тағзым ететін жер де жоқ», - деді Жақып Қалқаман.

 

4437 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper