Анонс


ҚР Ұлттық музейі мәдениет саласының мамандарына арналған жинақты жарыққа шығарды

Бейсенбі, 19 Қаңтар 2017 03:12
ҚР Ұлттық музейі мәдениет саласының мамандарына арналған жинақты жарыққа шығарды KAZMUSEUM.KZ -  

ҚР Ұлттық музейінің құрастыруымен мәдениет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің жинағы жарық көрді.

Жинақ Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңы мен  Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 15 желтоқсандағы «Мәдениет туралы» Заңы негізінде жазылған. Қазақ және орыс тілдерінде құрастырылып, екі бөлімнен тұрады.  Жинақтың бірінші бөлімінде Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілер, екінші бөлімінде Мәдениет және өнер саласындағы нормативтік құқықтық актілер жарық көрді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректері бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға елімізде 64 театр, 4168 кітапхана, 44 концерттік ұйым, 3180 клуб үлгісіндегі мекеме, кино қою мен кинофильм шығаруды жүзеге асыратын 114 ұйым, 234 музей, 124 ойын-сауық және демалыс саябағы, 5 хайуанаттар бағы және 4 цирк жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасы мемлекеттің ұлттық игілігі. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасында 218 мемлекеттік маңызға ие тарих және мәдениет ескерткіштері, 11, 2 мың жергілікті маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері бар, 10 ескерткіш ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік Тізіміне енді. Музейлердің қорында 3,6 млн жуық мәдени құндылықтар сақталған. Кітапханалық қор 118,1 млн дана кітапты құраса, электронды каталог – 19,6 млн бірліктен тұрады.

Инфрақұрылымның даму серпіні тұрақты оң сипатқа ие. Мәселен, соңғы 10 жыл ішінде музейлердің, клуб үлгісіндегі мекемелердің және кино қоюды іске асыратын ұйымдардың саны 50%-дан аса артты; театрлар саны 30%-ға дерлік өсті, кітапханалар саны 20%-ға дерлік көбейді. Саланы жүйелі мемлекеттік қолдау да тұрақты қаржыландырумен айқындалады

Мәдениет саласының дамуы мен сақталуында заманауи заңнамалар жүйесі өте маңызды болып табылады. Аталмыш бағытта Қазақстан Республикасының мемлекетттік органдары мәдениет саласының нормативтік құқықтық қорын жетілдіру үшін жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бүгінгі күні мәдениет саласында Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдеде қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңы және 2006 жылғы 15 желтоқсанда қабылданған «Мәдениет туралы» заңы қолданылады. Аталмыш заңдарды жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасы мәдениет және өнер саласын реттейтін 25 нормативтік құқықтық актілер қабылданды.

«Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалды реформасын жүзеге асыруға бағытталған Қазақстан Республикасы заңнамасын жетілдіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Осы жұмыстардың нәтижесінде 2015 жылы 59-дан аса заң қабылданды, оның ішінде мәдениет және тарихи-мәдени мұраны қорғау саласындағы кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сондай-ақ, 8 нормативтік құқықтық акті жасалды, мәдениет саласында қолданыста жүрген 15 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Ұсынылып отырған басылымға мәдениет және өнер саласын реттейтін 39 нормативтік құқықтық акті енгізілді.

Жинақта тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау, музей және кітапхана ісі, кинемотография, театр және музыка өнері салаларын реттейтін нормативтік құқықтық актілер ұсынылған.

Жинақта құжаттар тақырыптық және құқықтық реттелуіне сәйкес нормативтік құқықтық актілердің қабылданған сыныптамасына сай орналастырылған. Жарияланып отырған құжаттар тізбесі жинақтың мазмұнында көрсетілген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасының кітапханасы басшылығына аталмыш жинақты басып шығаруға көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді.

Басылым мемлекеттік мәдениет мекемелердің қызметінде және мемлекеттік ұйымдардың іс-тәжірибелік жұмыстарында пайдалануға арналған.

Жинақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі директоры Д.Қ. Мыңбайдың жалпы редакциясымен дайындалды. Құрастырушылар: А.К. Сатыбалдин, Л.Е. Түменова.

 

А.К. Сатыбалдин,

 Л.Е. Түменова.

 

3843 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper