Анонс


Білезік – көнеден жеткен әшекей

Жұма, 05 Наурыз 2021 15:30
Білезік – көнеден жеткен әшекей KAZMUSEUM.KZ -  

Дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдер мен қыз-келіншектер әшекей бұйымдарының алар орны ерекше. Әшекей бұйымдар халық ұғымында сәндік-көркемдігімен қатар, ғұрыптық мәнге ие. Қазақ даласына жүргізілген археологиялық қазба барысында әшекей бұйымдар жиі табылып отырған.

Археологиялық және жазба деректерге қарасақ, қазақ халқының сәндік қолданбалы өнері сонау тас дәуірінен бастау алған. Адамның мойнын, омырауын, жалпы дене бітімін ажарлау мақсатында қолданылатын бұйымдар ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр. Ертеде адамдар жануарлар сүйегінен, бамбук ағаштарынан, қола, темір, алтыннан сәндік әшекей бұйымдар жасаған. Осындай сәндік бұйымдардың қатарына – айна, тарақ, моншақ, білезік, жүзік, бойтұмар, түйреуіш және т.б. әшекей бұйымдар жатады.

Білезік – әйелдерге арналған әшекейлердің ішінде ең көп кездесетін түрі. Дәстүрлі қазақы ортада білезікті қыз-келіншектер білекке салса, сондай-ақ 4-5 жастағы қыз балаларға да ата-анасы сән-салтанатқа, әсемдік пен әдемілікке бой түзеп өссін деп бала білезіктер де соқтыртқан.  Әдетте, білезікті үлкен-кішілігі, ауыр-жеңілдігі, жасалу материалы, техникасы, түрі  әркімнің өз қалауынша болған. Сондай-ақ білезіктің екі ұшына түрлі өрнектер мен белгілер салып әшекейлеген. Білезіктердің көлемі, жасалу техникасы мен  материалдарына қарап бірнеше топқа топтастыруға болады. Білезіктің құрама білезік, жұмыр білезік, бұрамалы білезік, зерлі білезік, топсалы білезік, жыланбас білезік және т.б. түрлері бар. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, білезік сөзі «білек» және «жүзік» сөздерінің бірігуінен пайда болған уақыт өте келе білезік болып қалыптасқан дейді.

1. Сурет. 43. Сурет  10. Білезік.  Т.В. Савельеваның еңбегіндегі, 1994 ж.

«Есік» қорық-музейі қорында ортағасырлық білезік сақталуда. X-XI ғғ. мерзімделінген. Аталмыш білезік Қайназар елді мекенінен табылған жер бетілік материал. Жерді игеру кезінде жер бетіне шығып қалу мүмкін деген болжам айтылып жүр. Білезік туралы археолог Т.В. Савельева сол уақытта басқарған Талғар археологиялық қазбаның жетекшісі ретінде өзінің (Савельева Т.В.  Оседлая культура северных склонов Заилийского Алатау в VIII-XIII вв. (по материалам раскопок городища Талгар и памятников его периферии). Алматы, 1994) монографиясында Талғар қалашығынан қазба барысында табылған моншақ, салпыншақ, сырғалармен бірге жарияланған жалғыз олжа екен. Археологтың пайымдауынша, білезік әйел адамға тиесілі, екі ұшындағы белгі христиандық крест дінге қатысты делінген аталмыш еңбекте.

Алайда, мұндай айқышты дінге қатысты деп бір жақты қараған дұрыс емес деген ой туындайды. Қазақ этнологиясында мұндай айқышты айқас таңба немесе қас таңба деп атап жүр. Алайда, білезікке жақсылап назар аударатын болсақ, екі ұшындағы айқышты қазақтың рулары мен ұлттық нақыштарында жиі кездесетін таңба екенін ескерсек, дінге ешқандай қатысы жоқ деген де ой туындайды.   Керейдің ашамай таңбасында айқасқан белгі бар, киіз үйдің шаңырағындағы белгі төрт төңіректі білдірсе, сондай-ақ қойдың басын қасқалап төртке тіліп тартамыз, ол дегеніміз ұзыннан түскен сіздің жол көлдененнен түскен біздің жол дегенді білдіреді және тұмсығын қонаққа қаратып қоямыз. Осының барлығын ескерсек, ортағасырлық білезіктегі айқыш таңбасын дінге қатысты келтіру қисынға сай келмейді деген ой келеді.  

2. Сурет. Білезіктің ұшындағы таңба.

Демек, екі ұшында ашамай таңбасы белгіленген оймышты бедері бар білезік деген сипаттама беріп отырмыз. Жалпы таңба туралы айта кететін болсақ, таңба қоғамдық құбылыс ретінде бірнеше даму сатыларынан өткен. Таңбаның мерзімделу кезеңі тас дәуірінен бастау алады. Тас дәуірінде пайдаланылған және қалыптасқан белгілер мен таңбалар, символдар белгілі бір аумақта, киелі жерді, қару-жарақ пен түрлі заттың нақтылы айқындаушы қызметін атқарса керек. Дегенмен, тас дәуірінде этноәлеуметтік қатынастардың реттелмегенін, қоғамдық институттардың әлі де дамып жетілмегендігін ескерсек, аталмыш кезеңдегі таңбалар жан-жақты терең талдауды қажет етеді. 

 3. Сурет. Білезіктің ішкі және сыртқы жағы.

 Қола дәуірі кезінде символдар мен таңба тектес белгілердің бірізді күрделі жүйесі қалыптасқаны белгілі. Таңба ең алдымен заттың иесінің бар екендігін көрсететін белгі, әрі мифтік-салттық кешендерде кеңінен қолданылған. Қоршаған орта мен табиғат құбылыстарының нышандарын бейнелеген. Осы кезеңнен бастап қоғам өмірінің рухани саласында символ мен белгі сакральдық-магиялық басымдық ие бола бастаған. 

Таңба бастапқы кезде жануарлардың тұяғы, табаны, солярлық аспан денелері сияқты түрлерде жиі қолданыста болды. Алайда уақыт өте келе  күрделене түсіп, кейбір таңбалар абстракциялық символдарға айналған.  Ерте ортағасырда құрылған тайпалар мен қағандық басқару жүйесінде таңба қолданысының қызметі, оның қолданылу аясы мен мағынасы ерекше мәртебеге ие болды. Түркі кезеңінде таңбалардың семантикалық кеңістігі тереңдеп, әрі мағынасы күрделене түскен.    

Аталмыш білезіктің екі ұшындағы айқышқа (ашамайға) қарап бір ғана зерттеушінің еңбегінде көрсеткен христиан дініне қатысы бар деген пікірге айтар уәжіміз осындай.     

«Есік» қорық музейі қорында сақталған білезікті ортаға салып, жұртшылыққа насихаттауды жөн көрдік. Сол заманның өзінде-ақ, қазақ жерін мекендеген тайпалар қола, темір және алтын сияқты металды өңдеп, олардан тұрмыстық бұйымдармен қатар, адамдардың сәндік бұйымы жасаған. Демек, сол замандағы адамдардың эстетикалық талғамының қаншалықты жоғары болғандығын көрсетке керек. Осындай бұйымдардан қазақ халқының көне заманнан келе жатқан зергерлік өнерінің дәстүрлі көркемдік мұрасын жақсы сақтағандығын көреміз. Бүгінгі таңда, оның көркемдік, мәдени-рухани, әлеуметтік тарихын, заңдылығын, ерекшелігін танып білудің маңызы зор. Демек, осындай ата-бабаларымыздан жеткен құнды жәдігерлер қазіргі жаһандану заманында өзінің өзектілігі мен маңыздылығын  арттыра түсетіні хақ.   

 

 Гүлмира ЖУМАЙ, "Есік" музей-қорығының аға ғылыми қызметкері

4149 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper