Анонс


«Есік» қорық-музейі «Музейдегі түн» жобасын өткізді

Бейсенбі, 20 Маусым 2019 00:06
«Есік» қорық-музейі «Музейдегі түн» жобасын өткізді KAZMUSEUM.KZ -  

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Сақ алауы» тақырыбымен V-ші «Музейдегі түн» шарасы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Музей ұжымы дәл осы күні қонақтарды ерекше, «түнгі» форматта қарсы алды. Арнайы ұйымдастырылған мерекелік бағдарлама көптеген жағымды және танымды ақпараттарды қамтыды.

Атап айтсақ, қорық-музейдің экспозициялық залдарына экскурсия, «Алтын адамның құпиясы» жастарға арналған квест-ойын, балаларға арналған «Тас бетіндегі өнер» атты шығармашылық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, АРТ балалар өнер мектебі – мектеп оқушыларының көрмесі (Есік қаласы) қойылып, «Ұста Дәркембай атындағы қолданбалы өнер музейі» шеберлерінің және Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі Кәкей Қырғауылдың «Өрмек тоқу», сондай-ақ, көзеші Жанболат Нұрданбектің шеберлік сабағына да музей түніне келушілер куә болды. Одан бөлек, «Домбыра-пати» – домбырашылардың өнері, заманауи шеберлердің қолданбалы өнер туындыларының көрмесі, ұлттық ойындар (күрес, арқан тарту, асық ату, ақсүйек алтыбақан, садақ ату) қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Ашық аспан астында балаларға арнайы Ш. Айманов атындағы Қазақфильм киностудиясы түсірген «Күлтегін», «Мұзбалақ», «Қазақ елі» мультфильмдері көрсетілді.

Ауқымды шара аясында қазақ және орыс тілді БАҚ өкілдеріне қосымша арнайы пресс-тур ұйымдастырылды. Журналистер музейдің бүгінгі хал-ахуалымен, сондай-ақ, «Есік» қорық-музейінің қорғау аймағына енетін Рахат қалашығында музей археологтары жүргізіп жатқан қазба жұмысының барысымен танысты. Музей директоры Тасқын Тойбаев әрдайым музей жұмысын насихаттап, ел руханиятына үлес қосып журналистермен қоса туризм саласында белсенді әріптестік орнатып келе жатқан мамандарды да дипломдармен марапаттап, арнайы сый-сияпат жасады.

Шараға «Қазақстан» ұлттық телеаарнасы жаңалықтар қызметінің журналисі Амангелді Сейітхан, «Таңшолпан» ақпараттық-сазды бағдарламасынан – Қуаныш Нұрақынов, «Айқын» газетінің Алматы филиалынан – Абай Аймағанбет, www.bugin.kz ақпараттық порталынан – Марғұлан Ақан, www.abai.kz ақпараттық порталының бас редакторының орынбасары – Нұргелді Әбдіғани,  «Қазақстан дәуірі» газетінен – Бауыржан Карипов, Еңбекшіқазақ аудандық газетінен – Жансая Ысқақ және «Шалқар» радиосының тілшісі – Ерасыл Серікұлы қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Тасқын  Тойбаев:

- «Өздеріңіз білесіздер, музейдің білікті ғылыми қызметкерлерінің жұмысы нәтижесінде осы уақытқа дейін Жетісу жеріндегі Сақ кезеңіне жататын обалардың тізімі, олардың паспорты жасалып, сақталу, қорғалу деңгейлері бойынша анықтау, сондай-ақ, археологиялық қазба жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алтын адам бүгінде еліміздің брендіне айналды. Музейге келуші шетелдік туристердің қатары жыл санап артып келеді. Бізде ағылшын, түрік, қытай, неміс тілінде экскурсия жүргізіледі. Қызметкерлердің басым көпшілігі тарихшы, зерттеушілер, археологтар. «Музей түніне» келер болсақ, биыл осынау шараны бесінші рет өткізіп отырмыз. «Музей түні» Еңбекшіқазақ ауданы көлемінде жыл сайын жергілікті тұрғындар мен қала қонақтары асыға күтетін рухани, мәдени іс-шараға айналды. Осы уақыт ішінде ел азаматтары, музей ісіне қызығушылар, өнертанушылар, шетелдік қонақтар бізді өте жақсы танып-біліп қалды деуге болады. Шараның жыл сайын қызықты өтуіне атсалысып келе жатқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, музей мен туризм саласындағы әріптестерімізге рахмет айтамын», - деді.

Ресми бөлімнен кейін концерттік бағдарлама жұрт назарына ұсынылып, «Жібек жолы» ансамблі, «Улыбка» би тобы сияқты аудандық өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салды. Арайлым Мамырбекова, Нұртас Қайратұлы әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, музей басшылары, белгілі археологтар, тарихшылар, ғалымдар қатысты. Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақ алауын» жағумен аяқталды. Бұл кеште келушілер музейдің тарихымен танысып қана қойған жоқ, оны көзбен көріп, жүрекпен сезінді деуге толық негіз бар.

Айта өтейік, «Есік» қорық-музейінің бұл жобасы - «Музейдегі түн»  осымен 5-ші рет өтіп отыр. Аталмыш қорық-музей Қазақстандағы қорық-музейлердің ішінде алғаш болып «Музейдегі түн» мерекесін өткізді және бұл іс-шара бүгіндері Еңбекшіқазақ ауданының белгілі мәдени оқиғаларының бірі ретінде қалыптасты. «Есік» қорық-музейінде бірінші рет «Музейдегі түн» іс-шарасын өткізуге мұрындық болған алғашқы директоры – Гүлмира Мұхтарова мен аға ғылыми қызметкер – Ғалия Файзуллинаның бастамасы әлі де болса жалғасын табады деген ойдамыз. Игі дәстүрдің үзілмегені жақсы.

2216 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper