Анонс


ШҚО-дағы аудан орталығында Абайға ескерткіш орнатылды

Бейсенбі, 10 Қыркүйек 2015 10:01
ШҚО-дағы аудан орталығында Абайға ескерткіш орнатылды KAZMUSEUM.KZ -  

Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының орталығы Глубокое кентінде «Адамзаттың бәрін бауырым деп сүйген» ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының кеудемүсіні тұғырға қонды. Хәкімнің бюстімен бірге өзге ұлт өкілдері молынан шоғырланған ауданның орталығында қазақтың рухы асқақтады.

Ұлт ұстазының 170 жылдық мерейтойына орай өткізілген салтанатты шараға аудан әкімі Арман Бекбосынов, «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы, жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлы, ақын, жазушы Әлібек Қаңтарбаев және басқа да бірқатар құрметті қонақтар қатысып, ақ еділ көңілдерін ақжарма тілектермен жеткізді.
– Осындай қазақтың рухын көтеретін игі бастамалардың куәсі болғаныма өзімді бақытты санаймын. 1997 жылы осы кентте тұңғыш рет қазақ мектебі ашылып, оған Оралхан Бөкейдің есімі берілгенде мұндағы азғана қаракөздермен бірге төбеміз көкке жеткендей болып еді. Енді міне аудан орталығына Абай келіп орнықты. Бүгін өзге ұлт жастары хәкімнің өлеңдерін оқып жатыр. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, Абай сіздердің еңселеріңізді көтеріп тұрсын, – деп ағынан жарылды Әлібек Қаңтарбаев ескерткіштің ашылу рәсімінде. 
Мереке барысында дәстүрлі Абай оқуларының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне аудан әкімінің алғыс хаттары табыс етіліп, бірқатар ұстаздар марапатталды. Оқушылар ақын өлеңдерінен көпшілікке тарту жасады. 
Кенттің қақ төріне орныққан кеудемүсіннің авторы – жерлесіміз, Ұлан ауданының тумасы, КСРО суретшілер одағының мүшесі, Сұлтан Бейбарыс атындағы сыйлықтың лауреаты Қадырхан Кәкімов. Хас шебердің қолымен жасалған қола мүсін сәтті шыққаны көзге көрініп тұр. Мұны ақынның өмірбаяны мен шығармашылығын жетік білетін мәртебелі меймандардың бәрі де айтуда.

– Бұл кеудемүсін анау Жидебайдағы немесе Семейдегі Абай ескерткіштерінен әлдеқайда сәтті жасалған. Мүсіншінің шеберлігі, дарыны бірден білінеді. Ақынның өмірде түскен фотосуретіндегі түр-тұлғасын айнытпай бейнелеген. Ал енді осындай бюстің қазақтардың үлесі азғана Глубокое ауданының орталығында ашылуы аудан басшылығының тікелей қолдауы мен халықтың береке-бірлігінің жемісі екені даусыз, – деді «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің директоры Нұржан Қуантайұлы. 
Туынды авторының айтуынша, кеудемүсінді Абай атамыздың екі ұлы – Мағауия және Тұрағұлмен түскен фотосуретін негізге ала отырып, бар ынта-шеберлігімен бейнелепті.
– Абай бейнесін бұған дейін де көптеген шеберлер жасады. Олардың арасында мүлдем сәтсіз жасалғандары да бар. Сондықтан мен бұл мүсінді бұрынғылардан өзгешелеу, неғұрлым суреттегі кескін-келбетіне жақындау етіп орындауға тырыстым, – дейді жоба авторы Қадырхан Кәкімов. 


Серік Әбілхан,

«Дидар» газеті. 

3080 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper