Анонс


Шөптікөл-І қорымының зерттелуі

Сәрсенбі, 10 Ақпан 2021 02:23
Шөптікөл-І қорымының зерттелуі KAZMUSEUM.KZ -  

Шөптікөл-І қорымы Ойыл ауданы аумағында, Көптоғай ауылынан 24,6 шақырым батыс бағытында орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай, арасы 1,23 шақырым болатын созылыңқы шыңжыр тәрізді шамамен 38 жерлеу-ғұрыптық нысандардан тұрады. Қорым нысандары Ойыл өзенінің сол жақ бөлігінде түрлі көлемді нысандар реттілігін құрайды.

Негізгі мақсат — ғұн-сармат дәуірі ескерткіштерін зерттеу. Міндеті — қорғандар мен гантель тәріздес құрылыстар мен ІІ-ІV ғ. ғ. тұрғындарының ғұрыптық жерлеу жүйесіндегі ғибадатханалардың орнын, жерлеу орындары арқылы ғұн-сармат қоғамында жерленгендер мәртебесін анықтау. 

 Қорымның оңтүстік-шығыс бөлігіндегі төрт нысанда қазба жұмыстары жүргізілді. Екі жақтан қазылған екі қорған ортақ ұзын үймекте бірігіп, гантель тәріздес құрылысты құрайтын ортақ кешенге айналған. Жақын маңда тағы екі қорған зерттеліп, оңтүстік-шығыс нысандарды құраған. Қорған үйіндісі топырақтан тұрады. Дөңгелек пішінде, жоғары бөлігі тығыздалған. Ережеге сай, әр қорған үйіндісі астында қорғанасты аланның әр түрлі бөлігінде орналасқан бір-бірден бейіт шұңқыры бар. Қорған үйіндісін қазу кезінде үй жануарының (жылқы) сүйектері кездесті.

 Бейіттер тік бұрышты пішінді, солтүстік-онтүстік бағытқа бағытталған. Бір бейіттің ұзын қабырғасын бойлай соғыла жанама іспетті жасалған (жерлеу камерасы). Бейіттер жеке дара. Мүрдені шалқайта арқасымен, басын солтүстікке бағыттап қойған. Кейбір сүйектің бассүйек пішіні әдейі демормацияланған. Жерленген адамның ер немесе әйел адам екені заттарына қарап анықталды. Ілеспе заттары алуан түрлі. Ер адам бейітінен сақталымы нашар темір семсер, ат әбзелдері табылды. Әйел адам бейітіндегі заттар түрлі: қыш ыдыстар, қола айна, түйреуіш, тікпе айылбас, т.б.

 Шөптікөл-І қорымының зерттелген қорғандарындағы жерлеу дәстүрі мен заттай мәдениет жәдігерлеріне қарап б.з ІІ-ІV ғасырларға тән екені анықталды. Жерлеу кешендерін сараптау арқылы оларды кейінгі сарматтық археологиялық мәдени ескерткіштерімен теңестіруге болады. Шөптікөл-І қорымы мен оған жақын орналасқан жерлеу-ғұрыптық кешендер б.з ІІ-ІV ғ. ғ. мекен еткен тұрғындардың құрылысы саналатын ортақ ескерткіштер тобын құрайды.

Кейінгі сарматтық археологиялық мәдениеттің ірі өкілдері болған тайпалық бірлестіктердің ірі қорымды кешендері боп саналады.

 

Аслан МАМЕДОВ, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, археолог

1626 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper