Анонс


Ырғыз ауданындағы тарихи ескерткіштер (ФОТО)

Сейсенбі, 17 Қараша 2020 22:57
Ырғыз ауданындағы тарихи ескерткіштер (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Ырғыз  деген  атаудың   «тарихтың атасы»  Геродоттың   жазбаларында кездесуі - бұл өлкенің шежіресі тым әріден басталатындығын  айғақтайды.  Халық аңыздарына арқау болған   Мәні әулие,  Сұңқарқия, Қосбүйрек  шыңдары,  миллион   жыл   бұрын метеорит  құлаған  Жаманшың  кратерінің  бауырына   жасырған  құпиялары да аз емес.  Дүйсенбі мен  Исатай мешіттері,  Тақтакөпір, Жаныс пен Алмат  мазарлары шеберлердің  қолымен  жасалған көнермес  жәдігерлер.  Сынын алдырса да, сырын алдырмаған осынау даламыздың тарихи ескерткіштерін  сақтап қалу  - біздің парызымыз.  Ырғыз ауданы территориясында ХІХ ғ. аяғында  ХХ  ғ. ғ. жататын  40 шақты мешіт бар.  Осы күнге дейін жақсы сақталған  Дүйсенбі ахуын, Исатай мешіттері қазақ сәулет өнері тарихында алар орны зор. Территориямыздағы маңызды  қорымдар мен  тарихи ескерткіштерге тоқталсақ.

 

Қарсақбас қорымы

Қазақстанда соңғы жылдары ескерткiштердi мұрағаттап, тарихи туризмнiң дамуына, мәдени мұраларды құнттап сақтауға зор маңыз берiлiп келедi. Өткен жылы жарық көрген Ырғыз энциклопедиясында аудан территориясында ескі қорымдардың көп болғанына қарамастан археологиялық қазба жұмыстарының жүргізілмегендігіне байланысты құнды ғылыми деректердің аздығына өкініш білдірген.

1985 жылы  сол уақытта жобаланған «Обь – Арал теңізі» каналы трассасына барлау жұмыстарын жүзеге асыру барысында Челябі мемлекеттік университетінің археологиялық экспедициясы Қарсақбас қорымына қазба жұмыстарын жүргізген.

Қорым Торғай және Өлкейік  өзендерінің арасында Қостанай және Ақтөбе облыстарының шекарасында,  Ақшығанақ селосынан оңтүстік батысқа қарай 15 км қашықтықтағы, Торғай мемлекеттік зоологиялық қаумалының (заказник) солтүстігіндегі Қарсақбасы тауының тайпақ төбесінде орналасқан.

Қорым топырақты, тастақ-топырақты 18 зираттан тұрады. Аталған зираттарды көлеміне және үйінді пішіндеріне қарай екі топқа бөлуге болады.

Бірінші топ – тастақ-топырақты үйінді, пішіні шеңбер қоршау тәрізді, диаметрі 3 – 6 метрге дейін, биіктігі 0,25 метрге дейін жететін 6 зираттан тұрады. Бұлардың барлығы қорымның оңтүстік батысында орналасқан және солтүстік-солтүстік шығыстан оңтүстік-оңтүстік батысқа қарай ұзындығы 250 метрдей түзу бойында сап түзейді.

Екінші топ – топырақты және майда тастардан түзелген 12 зираттан тұрады. Олардың үйінділерінің пішіндері табақша тәрізді, диаметрі 9-21 метрге дейін, биіктігі 0,25-0,6 метрге дейін құрайды. Бұлар төбе ортасынан оңтүстік шығыстан солтүстік батысқа қарай ұзындығы 650 метрге созылған түзу бойында шашыраңқы орналасқан.

Қазба жұмыстары жүргізілген зираттың бірі қорымның оңтүстік шығыс шетіндегі тастақ-топырақты, сопақша шеңбер қоршаулы, ұзындығынан солтүстік-оңтүстік түзуі бойынша бағытталған 2-ші зират. Қоршаудың сыртқы диаметрі 5,0-5,2 метр, іші 2,25-3,0 метр, биіктігі 0,25 метрге дейін жетеді. Негізгі бөлігі көп мөлшердегі орташа тастармен ақ саздақтан тұратын үйінді астында мола шұқыры көмілген топырақ қабаты бар. Шұңқыр үйінді табанының ортасында орналасқан және солтүстік-батысқа шығыңқы бұрышпен жалпы тікбұрыш пішінде қазылған. Ол солтүстік шығыс – оңтүстік батыс түзуі бойынша бағытталған. Шұңқыр пішіні материк деңгейінде 2,05 х 0,8 метр, тереңдігі бұрынғы беткі қабаттан 2,0 метр. Шұқыр көмілген топырақ орта тұсында тастармен нығыздалған. Түбіне қарай бұрыштары доғалданған дұрыс тікбұрыш пішінде қалыптасқан. Шұңқыр ұзындығы түбінде де бұрынғысынша қалады 2,05 м, ал енінен солтүстік-батыс қабырғасынан жартылай үңгілеу (ұлтару) нәтижесінде 1,0 метрге дейін ұзарған.

Шұңқыр түбінен оңтүстік-шығыс қабырға тұсынан ер адам болуы мүмкін мәйіттің сүйектері табылған. Жерлеу рәсіміне қарағанда мәйіт ұзыннан, арқасымен, басын солтүстік-шығысқа беріп жатқызылған. Қолдары шынтақ тұсынан сәл сыртқары дене бойымен орналасқан.

Мәйіттің белінде оңнан солға қарай қиғаштап жатқан өте нашар сақталған темір қанжар табылған. Сол жақ белінен қанжар жүзінің астынан қабанның азу тісі (клык) шыққан. Мәйіттің басының астында кесе көлденең, шыбықшалардан жасалған садақтың қалдықтары тазартылған. Садақ жанында солтүстік-шығыс қабырғаға жақын ағаш саптары мен ұштары сақталған жебелері бар қорамсақ орналасқан. Жебе ұштарының 35-і қоладан және 1-уі сүйектен жасалған, жебелер садаққа параллель жатыр және ұштары солтүстік-батысқа қараған. Мола шұқырының солтүстік-батыс қабырғасы жиегінен анатомиялық тәртіппен жатқан қойдың алдыңғы қолдауының (аяғы жауырынымен бірге) сүйектері табылды.  Неге екені белгісіз қойдың жауырын суйегі садақтың аяғы және жебелер ұштарының астында жатыр. Мәйіт басының оң жағына шұқырдың солтүстік-шығыс қабырғасы ортасына түбі жайпақ шүмекті ыдыс қойылған. Мәйіт аяғының оң жағынан мола шұқырының солтүстік-батыс қабырғасы бойынан, яғни шұқырдың солтүстік-батыс бұрышынан қой сүйектерінің жиынтығы (кемінде үш қойдың) табылды, олардың бір бөлігі анатомиялық тәртіппен жатыр. Бұдан басқа, мола шұқырының түбіне жақын, көмілген топырақтан көздері бар дөңгелектеп тегістелген көк түсті шыны моншақ табылды.

Темір қанжар жалпақ, 3,5 см шамасында, сопақша қималы сабы жалпақтанып бітеді. Қанжар қимасы құйып бекітілген екі темір пластинадан жасалған, пішіні жүрекше тәрізді. Қанжар жүзі қимадан ромбалық төрт қырлы болып келеді де, ұшына қарай жіңішкере береді. Жүзінің жалпақтығы қанжар қимасында 3,5 см астам, қалыңдығы 2,0 см жуық. Қанжардың жалпы ұзындығы 33 см, жүзінің ұзындығы 22 см. Қанжар Сақ заманында кеңтараған анжарлар мен семсерлер тобына жатады. Сабы мен оның жүрекше тәрізді қимасының жасалуына қарап ғалымдар қанжарды б.з.д. VI-V ғғ.  жасалған деп болжайды.

Жалпақ табанды шүмекті ыдыс орта тұсынан сыртқа шығыңқы келеді. Ыдыс аузы да сыртқа дөңгелектеп жиектелген. Сығыңқы мойнына сопақша бірнеше іздер салынған. Ыдыстың биіктігі 21,7-22,3 см, диаметрі аузынан 13,4-13,8 см, орта тұсынан 18,0-18,5 см, түбінен 9,7-10,2 см. Қысқа шүмегінің сыртқы диаметрі 3,0 см, ішінен 2,0 см. Ыдыс аузының шүмекке қарсы жағынан жарықша түскен, және жарықшаның екі жағынан үш-үштен тесіктер ойылған және біреуінің ізі салынған. Жайпақ түпті шүмекті ыдыс б.з.д. VI, V-IV ғғ. жерлеу рәсімдерінде айтарлықтай жиі ұшырайды. Сонымен бірге, қола дәуірінен бері Орта Азияны мекендеген сақ тайпалары ескерткіштерінде де кездеседі.

Мәйіттің сол жақ бөксесінен табылған қабанның тісі ішкі түбінен диаметрі 0,9 см дөңгелектеп тесілген және еш күмәнсіз қанжармен байланысты болған. Қабанның тісі, тағы басқа ұқсас нәрселер Еуразияның бар аумағында сақтар дәуірінде жылқы жасауларына және қаруларға салпыншақ ретінде қолданылған.

Зерттеліп отырған зираттың жерлеу рәсімінің нақты уақыты қорамсақтағы жебелер ұштарына қарап қойылады. Олар ірі, үш қырлы және үш қырлы күмбезді, шығыңқы және кіріңкі ілмекшелермен жасалған. Нақтырақ тоқталмай-ақ, жебе ұштарының б.з.д. VI ғасырдың екінші жартысына – V ғасырдың басына тән екенін атап айту керек.

Қарсақбас қорымындағы 2-ші зираттан табылған қалған барлық заттар осы қойылған мерзімге (б.з.д. VI ғасырдың екінші жартысына – V ғасырдың басы) қайшы келмейді, керісінше нақтылай (б.з.д. VI ғасырдың аяғы – V ғасырдың басы) түседі.

Келтірілген деректер ата бабаларымыз Ырғыз-Торғай даласын ежелден мекендегенін, тарихы мен мәдениетінің өте тереңде жатқанын тағы бір дәлелдеп бергендей. «Қарсақбасы қорымы» сияқты ескі қорғандар ауданымызда көптеп кездеседі, әрқайсысы зерттеуді қажет етеді.

 «Салынған жол, тұрғызылған ғимарат, тіпті ең озық ғылыми жаңалық саналатын жаңа технологияның өзі жыл сайын тозады, ескіреді, ал бабаларымыз айтқандай, ешқашан азбайтын , тозбайтын , керісінше уақыт өткен сайын сан қырынан жарқырап , ұрпақ санасына шұғыла шашатын мәңгі өлмейтін құдіретті күштің аты - ғылым мен мәдениет. Ендеше сол ата-бабаларымыздың тарихи – мәдени мұрасын бірлесіп түлетейік» деп еліміздің басшысы айтқандай құнды әрі тарихы мен тынысы кең мұраларымызды қастерлейік! Олардың бойында әр заманның өшпес іздері мен естелігі бар.

Деректер «Вопросы археологии Западного Казахстана» ( Самара 1966 г.) кітабына енген А.Д.Таиров, С.Г.Боталовтардың «Могильник Карсакбас» ғылыми еңбегінен (164-175 б.б.) алынды.

Алмат тамы 

Алмат тамы – 19-ғасырдың аяғында салынған сәулет өнері ескерткіші. Ырғыз ауданының оңтүстік-шығысында 22 км жерде орналасқан. 1886-88 жылдары халық шебері Жыға тұрғызған, көлемі 12,70м х 12,10 м, 7 бөлмелі. Комплекстік жобасы мен архитектурасы шешімі жағынан өте сирек кездесетін құрылыс. Кесененің солтүстік-батыс, солтүстік-шығыс және оңтүстік-шығыс жақтарындағы бөлмелерін дөңгелендіре шығыңқы қалаумен өр ген. Солтүстік-батыс қабырғаларының оң жақ бұрышындағы кіретін есік, оңтүстік қабырғаны бойлай аралық бөлмеден өтіп, орталық дөңгелек залға апаратын дөңестеп жабылған дәлізбен жалғасқан. Осы дөңгелек залдан мүрдеге арналған 5 бөлмеге аркалы ойықтар өтеді. Сыналай қалап, қосарлай шығарған аркалар өте әдемі көрінеді. Құрылыс Алмат Тобабергенұлының отбасылық мемориалы ретінде жобаланған: өзіне және бес ұлына арналған алты бөлмеде сағана бар. Кесене шикі кірпіштен іргетассыз тұрғызылып, екі жағынан күйдірілген кірпіштен қапталған. Оңтүстік-батыс бетінен оны үшке бөліп, әсемдеп қалау арқылы құрылысқа айрықша салтанаттылық берілгені байқалады. Осындай салтанат ортадағы дөңгелек бөлменің ішінен де байқалады. Алматтың күрделі композициясы бар мәйіт жерлеудің өте көне ғұрыптарынан хабар береді. Мұнда бұрынғы мәйітті бөлменің бір бұрышына ығыстырады да орнына жаңа мәйіт қояды. Кесене Тобабергенұлының тірі кезінде тұрғызылған. Осында әкесі және жастай өлген бірнеше баласы жерленген. Басына құлыптастар қойылған қоршаулы қор ым бар.

Мәні  қорымы  

Мәні қормы (Мәні әулие) – Шеңбертал елді мекенінен батысқа қарай 7 шақырым жерде Темірастау шыңының басында орналасқан тарихи ескерткіш. Қай ғасырда қаланғаны белгісіз. Аңыз бойынша, шапқыншылық заманда қалмақтар бір қазақ әйелін олжалап кетеді. Оны қалмақтың батырына қосыпты. Әйел өз елінен кеткенде жүкті екен. Қалмақ жерінде бір қызды дүниеге әкеледі. Сол қыз бала 17-ге келгенде анасы дүние салады. Анасы көз жұмарда қызына қалайда қазақ еліне қосылуын, атамекенін табуын өтінеді. Жолын өзі айтып береді. Бізбен бірге жеті жасар бір ер баланы ала келіп, қол аяғын кісендеп қозы бақтырып қойған, сол бала ер жетті, түр-тұлғасы батырға ұқсайды, балаға жағдайды түсіндіріп, қалғанын өзің келістіріп елге қашыңдар, ең соңғы да, ең қымбат өтінішім осы, - деп көз жұмады. Қыз ана аманатын орындауға бел байлайды. Тұтқын қазақ жігітін тауып, жүйрік аттарды дайындап, екеуі бір елге қашады. Қыздың өгей әкесі қалмақ батыры қуып, жетіп қалғанда қыз әкемді өзім тоқтатам, сен артыңа қарамай кете бер дейді. Жігіт шыдай алмай артына қараса, қыз әкесіне садағын кезеп тұр екен. Бір қате іс болар деп жігіт қыздың жанына келіп әкеңді атпа деп қолқа салады. Айтқанын тыңдамай кейін қайтып келген жігітке қатты налыған қыз, бекер келдің атпай-ақ өзім тоқтатып едім, енді не болғанын көрерсің, дейді. Жақындап келген әкесі қолын теріс жайып «көзің көргенді қолың ұстамасын» деп теріс батасын беріп қайтып кетеді.. Қуғыншыдан құтылған екеуі біраз дем алу үшін осы төбенің етегіндегі өзенге түсіп, салқындау үшін екі жерге кетеді. Бір уақытта шар еткен қыз даусы естіледі. Жігіт тез келсе, жылан оралған қыз талықсып жатыр екен. Сонда қыз: «қалмақтың қарғысы жаман деген рас еді. Әкемнің қарғысы орындалды, енді мен саған жоқпын. Осы жерге мені жерле. Ешқашан менің атымды атаушы болма. Осы өтінішімді орында» деп көз жұмады. Жігіт қыздың өтінішін орындап, сұраған кісіге «мәні бар ғой» деп жауап беріпті. Содан «Мәні төбе» атанған дейді. Аңыз соңында сол батыр Жәнібек екен, көп жыл тама Есетпен үзеңгілес болыпты, қартайған шағында Есет, іздеп келеді осы бір мұнын баяндай отырып, сол қыздың аты Ақбілек еді, маған неге атама дегенін түсінбедім де атамай келдім, енді көпке бармаспын, елге жете алмасам саған аманат деп үш күннен кейін дүние салыпты дейді. Аңыз десек те Ақбілектің анасының елге, жерге деген үлкен мақсаты биік тұрса, жас арудың ана өсиетіне адалдығы қазақ пен қалмақ арасында теріс әңгіме туғызбас үшін атын мәңгі айтқызбауды өтінуі, бар қызығын көре алмай өліп бара жатып, артындағы ел қамын, өзі ұнатқан жігіт жағдайын ойлап үлкен де мәңгі сыр қалдырған қасиетті, дана қызға бас иесің.  Кейбір деректерде Мәні деген батыр қыз болған. Ол талай қол бастап қарсылас жауын ұдайы жеңіп отырған, кейін бір жорықта қаза тапқан. Оның жерленген жерін халық әулие тұтып «Мәні әулие» деп атап кеткен. Қорымның аумағы 2-3 гектардай. Бұл қорым болашақта археологиялық зерттеуді қажет етеді. Бұл төбені Мәні әулие десе, төбе басында қаз-қатар тастардан қаланған қорымды Мәні әулие қорымы деп те атайды. Қорымда тас қоршаулар, құлыптастар. Тұтас алғанда Батыс Қазақстандағы әр түрлі бейіт ескерткіштердің жиынтығы іспетті.

   Мәні әулие қорымын С.Әжіғалиев басқарған экспедиция 1980 жылы тексеріп, керекті құжаттар жасалды. Бірақ бұл қорымның пайда болу тарихы белгісіз күйінде қалды. Тастан қаланған тамдардың қабырғасының биіктігі 1 метрге жетеді, кейбіреуінің төрт бұрышына әдейі тас қаланып, кәдімгі төрт құлақты там бейнесінде келтірсе, қайсібірінің қақ ортасында үйшік, сыпа тамдарға лайықтап шошақ төбе шығарылған. Негізінде мұнда тас қалаудың үлкен өнері жинақталған қабірден үлкен тастарға салынған ру белгілері көп. Табиғи үлкен қара тасқа салынған белгілерден үш жүздің ру таңбалары кездеседі. Бұл бейіттер өткен заманда туған жер үшін болған шайқастардың бірінде құрбан болған бабалардың бейіттері екені сөзсіз. Бейіттер еш сылақсыз әр түрлі тастардан қаланған. Тас қорғандар үлкенді-кішілі, кейбіреулері бөлек-бөлек тұрса, кейбіреулері іштей ширатылып 5-6-сы бір қоршалған. Құлыптастардың кең тараған түрі де кездеседі, олар ХІХ ғасырда қойылғаны байқалса, қабірдің бас жағындағы үлкен қара тасқа тек қана рулар белгілері салынғандары аз емес. Бір тасқа 1617 жыл деп белгі салынған екен, оны зерттеушілердің қолтаңбасы сияқты. Бұл жерде қырғын соғыс құрбандары жерленген деуге дәлелдер –  көше-көше бейіттердегі рулар таңбалары. Әрине, көбісі өшірілген, бұрынғы қалпы өзгерген. Үлкендеу, тереңдеу етіп салған белгілер де өте көп. Әр рудың қорымдары ұзыннан көше болып созылып, көзге бір үйір болып дөңгеленіп бітіп отырады. Тарихи деректерге сүйенсек қорымның пайда болу уақыты ХVІІ ғасырдан басталған, ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін құлпы тас қою рәсімі тоқтамаған. Жазуы жоқ үлкен қара тастағы белгі оның алғашқы қорымдар екенін аңғартады. Алайда ауыл ақсақалдарының айтуынша бұл қорым өте үлкен қала тәрізді болған, ішіне кірген адам көрінбейтін еді дейді. Төбенің басында тас жоқ. Сонда бұл соншама тастарды тасу үшін әрі қалау үшін қаншама күш керек деп таңқаласың. Төбеден түсер жердегі үлкен жасыл теректі Мәні суға кеткен жерге шыққан деп те атайды, одан бөтен ағаш жоқ. Кешегі күнге дейін бұл жерде ордалы жылан болатын, суға шұбырып құлағанда шаңдағы бір үйір жылқы айдағандай болатын деседі. Ордалы жыланның тұрағы тегін жерде болмайтынын ескерсек, бұл төбе жұмбағы тереңдей түседі. Бұл жердің  шөбі шүйгін, қара от көп, жылқы малы көп тұрақтайтындай жер, сондықтан мал сүйкеніп, кіріп-шығып жайлаған. Тастар құлап, сынып бұрынғы қаладай сән түзеген қалпы кетуге айналған. Шеңбертал ертеден келе жатқан атаулардың бірі, атынан белгілі ертеде Ырғыздың бойы толған тал, тоғай болатын. Мәні әулие қорымы Шеңбертал деп аталатын мекеннен тоғыз шақырым жерде. Оған Ырғыз өзенінен өтіп, үлкен табанды кесе, биік төбенің баурайына барады. Бұл тастан қаланған бейіттер дәулеті тасып, күші асқаннан салынған емес, қара тастай қайнаған қайсар мінез,айнымас сер ттің белгісі, туған жерге қалдырғанөшпес таңба. «Мәні әулие» қорымын тас қала деуге боларлық. Ешбір сылақсыз әр түрлі тастардан қаланған үлкенді-кішілі бейіттер тізбегі кімді болса да таңдандырары хақ. Жерлеу рәсімі де бір уақытта тоқтағаны, Ырғыз өзенінің батыс жағында тұрақты елді мекен болмауымен байланысты. Бір кездердегі ұлы айқастар мен көші-қон жолының қайнаған тіршілігі қалдырған өмірдің белгісі деуге болады. Тас қорғандар сыртынан көз жіберсеңіз үлкен айбат пен тәкаппарлықтың тұнып тұрған құпия сырын мойындайсыз. Туған жер топырағында көз жұмған кезінде болат сауыт киіп, бес қаруын асынған сарбаздар айбаты ма деп, нмесе ата-баба жеріне өз ұрпағы маңдайға жазғандай етіп қойған мәңгілік белгі ме деп те ойлайсың. Қалай салынсада өлгендерге құрмет, тірілерге аманат, бұл дүние тұрғнша тұратын қайсар қара тастардан орнатқан дана бабалардың ақыл-ойы, саналы, мақсаты өте биік екеніне еш күмән жоқ!!!

   Әрине «Мәні әулие» тас қорымы тегін емес, өткен заманда туған жер үшін болған шайқастардың бірінде құрбан болған бабалардың бейіттері екені сөзсіз. Өкінішке орай қазірде азған. Кейбіреулерінің тастары жартылай, біреулері түгелдей алынған. Өркениетті елдегідей қисайған жерін түзетіп, құлаған жерін қалап, қамқорлық жасалуы керек болып тұр. Бұл қорымд қашан, кімдерге салынғанын  анықтайтын жазулар жоқ. Тек қана қазақтың руларын көрсететін таңбалар ғана бар. Көне көз қариялардың айтуы бойынша патша әскеріне қарсы соғыста қаза тапқан Кенесары сарбаздарының патша әскерімен соғыса жүріп Ырғыз өзенінен кесіп өтіп Мұғалжарға, Ембіге дейін барғаны, кейін шегініп осы маңда болғаны белгілі. Кенесары сарбаздарының қорымы болуы мүмкін. Техникасыз сонша тасты жерден қазып алып, тасын алуға рулы елдің күші келмейтіні белгілі. Темірдей тәртіппен бір қолбасшыға бағынған үлкен армияның ғана қолынан келетін іс екені көрініп-ақ тұр. Сонымен қатар бұл тас қала қорғанының бір уақытта бір ғана оқиғаға байланысты салынғаны байқалады. Кейбір деректерге сүйенсек «бұл қорым Кенесары ханның орыстармен соғысында өлген төрелердің қорымы» деп айтылып жүр. Жергілікті халықтар өлігін еш уақытта тау басына шығарып жерлеген емес. Әр елдің қорымы өз мекеніне жақын. «Мәні әулие» қорымын Кенесары салдырған көрінеді. Бершүгір тауында орыстармен соғысып, өлген сарбаздарын осы «Мәні әулиеге» әкеліп желеген.

       Мәні Әулие – Шеңбертал елді-мекенінен  батысқа қарай 7 км жерде орналасқан тарихи ескерткіш. Аңыз бойынша Мәні деген батыр қыз болған.  Ол талай қол бастап ұарсылас жауын ұдайы жеңіп отырған, кейін бір жорықта қаза тапқан.Оның жерленген жерін халық “Мәні  Әулие” деп атап кеткен. Қорымның аумағы 2-3 гектар жерді алып жатыр. Бұл төбені Мәні әулие десе,төбе басында қаз-қатар орналсқан қорымдарды Мәні әулие қорымдары деп атайды. Қаланған өорымдардың биіктігі 1 метр,кейбір қорымдар төртбұрыш,кейбірінде  шошақ төбелер шығарылған.Негізінде мұнда  тас қалаудың үлкен өнері жинақталған. Табиғи қара, үлкен  тастардан үш жүздің  ру таңбалары салынған. Бұл бейіттер   өткен заманда туған жер үшін болған шайқастардың бірінде   қаза тапқан бабаларымыздың бейіттері екені сөзсіз.

Жаныс мавзолейі 

Жаныс мавзолейі (ХІХ ғасыр ескерткіші) – Ырғыз ауданы Құрылыс ауылының оңтүстік-батысында 20 км жерде. Қабырғасының төменгі бөлігі 8 қырлы, жоғарғы бөлігі сағанаға ұқсас 8 және 41 қырлы барабан шеңбері түрінде қаланған. Іргесінен бастап, төбесіне дейін жеті сатылап, жеті түрлі өнерлі қалаумен жүргізілген. Ішкі қабырғасына өру арқылы өрнек салынған және төртбұрыш тақта сияқтыларға дөңгелек гүл тәрізді өрнектің қайталанып бүкіл шеңберге берілуі керемет үйлесімін тапқан. Ішкі қабырғасы майда шөп қосылып сазбен салынған. Сылақтың тегістігі сондай, сипап қарағанда бір бұдыр сезілмейді. Күмбезі пирамида тәріздес сатылап қаланып аяқталған. Жаныс мавзолейін Әлімнің төртқара руының биі Жаныс көзі тірісінде халық шебері Мейірбекке салдырған. Мазар аса көрікті жерге, өзге мазарларға ұқсамайтын шеберлік үлгісімен салынған. Жаныс би мазары қасиетті орынға айналды. Ұзақ жолға шығатындар, тілек-шарапат күткенде әулие, би атасының мазарына келіп, әруағына бас иеді, сырқаттар түнейд і.

Исатай мешіті 

Исатай мешіті - Жайсаңбай қонысынан оңтүстік-шығысқа қарай 4 шақырым жерде. Төртбұрышты (10×19м) қабырғалары шикі кірпіш пен қам кесек араластырылып қаланған. Солтүстік бұрышқа жерден бастап күйдірген қызыл кірпіштен өрілген, 8,50 метірлік мұнара орналасқан. Конус тәрізді мұнараның басына кірпіштен  өрілген айналма баспалдақ алып шығады. Мешіт 1920 жылы жергілікті дін өкілі Исатай Сатыбалдыұлының басшылығымен салынған (руы - қалақ тоқа).

 

Маңтөбе 

Маңтөбе - Ырғыздың 21 шақырым жерде осы Аманкөл жүйесінің ортасында үлкен Түбектөбе бар. Бұл төбені халық аузында «Маңтөбе» деп атайды. Маңтөбе өте кең, жері құмақ, тақтайдай тегіс, осында тұрып бірнеше шақырым жердегі маңайды бақылауға болады. 1731 жылғы Кіші жүз қазақтарының Ресейге қосылуы шартына кіші жүз ханы Әбілқайырхан мен орыс патшасының елшісі Тевкелев осы Маңтөбеде қол қойған. 1981 жылы осы тарихи оқиғаның 250 жылдығына орай «Хан тағы» ескерткіш тақтасы орнатылған.

Дүйсенбі Аһун мешіті  

Дүйсенбі Аһун мешіті. 1902 жыл. Ағайынды Дүйсенбі, Исатай Бұхар, Түркістан қалаларынан жоғары дәрежелі діни білім алып келіп, ел ішінде уағыз жүргізе бастайды. Ел ағалары қызу қолдап, мешіт салуды ұйғарады. Сол істің басында басшылық еткен Сәтбайұлы Саудабек екен. Имашұлы Дүйсенбі 1885-1886 жылдары Бұхар жағына кетіп, сол жақтан діни оқу оқып, елге оралады. 1904 жылы мешіт құрылысына дайындық жұмысы басталады. Дүйсенбі халық талабын қолдап, келісімін береді. Кесекті сол жерден қолдан күйдіріп басады. Балшықты биенің сүтімен қыл араластырып басады. Саз балшытың орнына таудан бор әкеліп пайдаланған. Керекті ағаштарын Дүйсенбінің інісі Сәрекенге дайындау тапсырылады. Сәрекен қасына он адамын ерітіп, Қостанай облысының Сеинозер ауданында қыстай әзірлеп, көктемде тасыған Торғай өзенінің бойымен судың ағысымен жеткізеді.   Дүйсенбі мешітін 1909 жылы бастап салады. Мештті салуға Орынбор және Уфа қалаларынан төрт шебер келеді. Сол кездегі ұста Жыға деген кісі қасына шәкірттері Бейсенғали, Хасендерді алып мешітті салуға көмектеседі. Мешітке ауыл тұрғындары да жәрдем береді. Мешіт құрылысы 1913 жылы аяқталады. Жайсаңбай ауылынан солтүстік-батасында жеті шақырым жерде орналасқан. Төтрбұрыш тәрізді ені 9,60, ұзындығы 24,20 метр, қабырғасының биіктігі 8 метр, мұнарасының биіктігі 19 метр. Мешіттің үсті, мұнарасы кезінде қаңылтырмен қапталған. Айшығын ауыл тұрғыны Тоқа Алшынбай деген кісі түйемен Троицкіден жасатып әкелген. Оның құрылысында Еділ бойы халықтарынң ою-өрнектері салынған. Дүйсенбі аһун 1920 жылы қайтыс болады.

Тақта көпір 

Тақта көпір - патшалық Ресей үкіметі Ырғыз бен Торғай уездерінің  пошта қатынасын байланыстыруға  Өлкейек өзенінің үстінен (1860-жылдары) салғызған темір конструкциялы  көпір.

Жапақ мазары 

Жапақ мазары - Ырғыз  ауданының  Жайсаңбай  ауылының шығысына қарай  7 км жерде орналасқан 19 ғасыр ескерткіші. Сыртқы шеңберінің диаметрі 8 метр. Қасбеті дөңгелек ғимаратты тең бөлікке бөлініп тұр.  Мұнара – күмбезшелер  құрбандық орны тәрізді сыртқа қарайды.  Мазардың ішкі бөлігінде төрт  жер асты қабырғаларының   үстіне сахна тәрізді тұғырлар орналасқан. Мазардың биіктігі 7.10 метр.   Жапақ ата  шөмекей руының, Тоқа тайпасының, Айбас аталығынан.  Жапақ ата мазарын  Жыға, Бисенғали, Қасен деген ұсталар салған.                            

Әсемгүл ӘБДІРАХМАНОВАЫрғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватының Экологиялық ағарту бөлімі және табиғат музейі  қызметкері

 

 

Басты сурет: wikipedia ресурсында жарияланған карта

711 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper