Анонс


«АСЫЛ МҰРА» жобасы: «Сығанақ тарихы»

Бейсенбі, 27 Тамыз 2020 17:38
«АСЫЛ МҰРА» жобасы: «Сығанақ тарихы» KAZMUSEUM.KZ -  

«АСЫЛ МҰРА» тарихи-тағылымдық жобасы Сыр өңірінің тарихи мұрасының бар асылын теріп келеді. Осы жолғы бағдарлама Сыр археологиясына арналды. XI-XIII ғасырларда Қыпшақ хандығының, XIV ғасырда Ақ Орданың, XV-XVII ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған ортағасырлық Сығанақ қалашығының тарихы, қалашықта жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары және археологиялық экспонаттар туралы баяндалды.

Археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған тарихи  жәдігерлердің археологиялық лагерьден зертханаға дейінгі және зертханадан музей қорына дейінгі жүріп өткен қадамдары түсіндірілді.

"Сығанақ" атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Ислам деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Өйткені, Сығанақ ХІІ-ХІІІ ғасырларда әлі де Ислам дінін қабылдай қоймаған, Тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын.

Соның дәлелі ретінде Сығанақ қаласындағы көне қорымнан табылған алтын әшекей бұйымдар көрермендер назарына ұсынылды. Бұйымдар ХІІІ-ХІV ғасырлармен мерзімделеді. 2019 жылы Орта Азиялық зерттеулердің халықаралық институты жүргізген археологиялық экспедициясы нәтижесінде табылған.

Сонымен қатар, Алтын Орданың төрі саналатын Сығанақ қалашығынан 2019 жылы декоративті қаптамалар, яғни мозайкалар мен терракоталар табылды.

Мозайка - түрлі түсті қыш тақталардан, шыны сынықтарынан құрастырылған ою-өрнек, сурет-бейне (инкрустация), байырғы өнер саласы. Мозайкалар ертеден-ақ мәнерлілігімен, көз жауын алар көркемдігімен сарайлардың сән-салтанатын асқақтатты. Алтын ғасыр тұсында бұл өнер Рим, Византия империялары көлемінде кең танылып зәулім ғимараттардың еден, төбе, қабырғаларын безендіру үшін қолданылды. Ортағасырлық Сығанақ қалашығынан табылған мозайка археологтардың қызығушылығын тудырғаны анық.


Терракота - саз балшықты күйдіру арқылы жасалатын көзешіліктің бір түрі. Ерекшелігі - глазурленбейді, яғни жылтыр жалатпа жағылмайды. Қаптамалар тегіс күйдірілген, өсімдіктектес ою-өрнегі ортасынан жан-жағына пальметта стилінде тараған, ашық қызыл түсті плитка. Қыш қаптамалар сәулет өнерінде кесенелерді сәндеу-әрлеу мақсатында пайдаланылған. Қыш қаптамалар Х-ХҮІІІ ғғ. мерзімделеді.

Тарихи артефактілерге бай Сығанақ қаласы шығыс пен батыстың көптеген ірі  қалаларымен сауда, экономикалық, саяси және мәдени байланыстарда маңызды роль атқарды.

Бүгінде Сығанақ тарихи мәні жоғары орындардың бірі болып саналады.

377 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper