Анонс


Киелі Сығанақ қаласы жайында

Дүйсенбі, 09 Қазан 2017 01:56
Киелі Сығанақ қаласы жайында KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне Қызылорда облысы бойынша әйгілі ортағасырлық Сығанақ қаласы енді. Қала республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады.

Ортағасырлық Сығанақ қаласы Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы Сунақата ауылынан солтүстік-батысқа қарай 2 км жерде орналасқан. Жалпы Сығанақ ортағасырлық қала орны. Қала 982 жылы «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте «Сунах» атымен  алғаш белгілі болды.

 Х ғасырда өмір сүрген араб географы аль-Мукаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырар мен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың ара қашықтығы 24 фарсах (160 км). «Сығанақ» атауы ежелгі түрікше «Қамал, қорған» деген мағынаны білдіреді. Ол ежелгі түркі-қалаларының бірі. Мұсылман деректерінде Сығанақ «Дарь-уль-Куфр» немесе «дінсіздердің ордасы» атанып келді. Өйткені Сығанақ ХІІ ғ. соңы – ХІІІ ғ. басында әлі де мұсылман дінін қабылдай қоймаған, тәңірге табынған көшпенді қыпшақ хандығының шығыс астанасы болатын. Абдулла-намеде Сығанақ туралы «Ол ежелден бері қыпшақ (қазақ) хандарының астанасы» деп жазады

ХІХ ғ аяғымен - ХХ ғасырдың басында орыс ғалымы П.И.Лерх (1867 жылы) одан кейін И.А.Кастанье (1906 - 1907 жж) зерттейді. 1898 жылы Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің белсенді мүшесі, генерал-майор В.А.Каллаурдың Сығанақ қаласы туралы "Древние города Саганак, Ашнас или Эшнас и другие Перовском уезде" деген еңбегі жарық көреді. Сонымен бірге қала туралы мәліметтер А.Якубовскийдің (1907 жыл) еңбектерінде кездеседі. Қаланың алғашқы іргетасын кімдер қалағаны белгісіз. Алайда зерттеушілер қаланы алғашқы қоныстанушылар оғыздар  деген болжамдар келтіреді.

1947 жылы орыстың көрнекті ғалымы А.Н.Бернштам жетекшілік еткен Оңтүстік Қазақстан экспедициясы (ЮКЭ) Сығанақ қаласын зерттейді.               Одан кейін 70-ші жылдары қалаға тек топографиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген Отырар археологиялық экспедициясының (ОАЭ) мамандары (жетекшілері К.А.Ақышев пен К.М.Байпақов) ортағасырлық Сығанақтың Дешті Қыпшақ даласындағы Отырардан кейінгі атақты екінші қала екендігіне анықтама берген.

 Қаланың  алғаш рет географиялық координаттарын 2003 жылы археолог М.Елеуов анықтайды. Қаланың жоспары бесбұрышты болып келген. Солтүстік бөлігі - 275 м, солтүстік батыстан, батысқа қарай - 175 м, оңтүстік - батыстан, батысқа - 190 м, оңтүстігі - 175 м, оңтүстік шығыстан, шығысқа -  320 м, оңтүстік - шығыста орналасқан қала қақпасының дәлізінің  аумағы - 20 м, қала бекінісінің кей жерлерінің биіктігі 6-7 м, шахристан мен рабаты бесбұрышты солтүстік бөлігі - 250 м, батыс бөлігі - 650 метр, оңтүстік бөлігі - 250 м, оңтүстік-шығыс бөлігі - 450 м, солтүстік-шығыс бөлігі - 350 м.

Сонымен бірге теңіз деңгейінен 158 метр биіктікте орналасқан

 Сығанақ қаласын ауқымды зерттеу жұмыстары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Елбасының өзі қолдау көрсеткен "Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілді. 2003 жылдан бастап қалаға Қ.А.Йассауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің "Археология" ғылыми-зерттеу орталығының археолог мамандары (жет. С.Жолдасбеков) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде.

Әртүрлі кәсіппен айналысқан қала тұрғындары, суармалы егіншілікпен де айналысқан. Егіншілер үшін судан ешқандай кедергі болмаған, Себебі Сырдария өзенінен 20 шақырымға созылған Төменарық каналдары тартылып, егістік негізінен осы канал арқылы суарылған. Сонымен бірге қосымша Қаратаудан ағатын Мыңбұлақ, Шолақ, Арпеншанд Қызылтам өзендерінде пайдаланған. Әйгілі шығыс тарихшысы Фаззалах ибн Рузбихан қала туралы "Сейхуннан тартылған каналдардың жағасында орналасқан Сығанақ қаласының қорғаны биік әрі өте керемет көрінеді, қала жердегі жұмақ тәрізді" деп жазады.

XV ғ. өмір сүрген әйгілі ақын Шахрух:

Әйгілі қала Сығанақ, 
Дешті Қыпшаққа өтер жолы, қақпасы. 
Дештігі келер қонақтар 
Саған келіп тірер еді ат басын. 
Түркістанның орталығы, шебі едің. 
Барша жанды тыныштыққа кенедің, 
Ежелден-ақ ғалымдардың мекені, 
Белгілі еді тыныш қала екені. 
Сенде туды Нихаяның ілімі, 
Тарады сенен «Хидаяттың» білімі. 
О, Сығанақ, қақпаларыңның шаңын сүйіп жылар ем, 
Қайта тусам Сығанақта туар ем

деп жырлаған екен

 Cығанақ қыпшақ мемлекетінің сауда және саяси орталығы болған. Сығанаққа көшпелі елдер мал, ет, тері, жүн т.б. әкеліп, өздеріне қажетті заттарын алған. Шыңғысхан шапқыншылығынан бұрын Сығанақ қаласы Хорезмшаһ Текештің қоластында болған.

1219-1220 жылдары Шыңғысханның негізгі қолы Отырарды алуға қалғанда, Үлкен ұлы Жошы әскері Сығанақты келіп қоршайды. Моңғолдар арнайы елші жібереді. Бұл туралы араб саяхатшысы Джувейни Шыңғысханның үлкен ұлы Жошының әскері Сырдарияның бойында орналасқан қалалардың бірінен соң бірін бағындырып, Сығанаққа келіп тоқтайды. Жошыға жол көрсетуші екі көпес Әлиқожа мен Хасан қожаны елші ретінде қалаға жібереді деп жазады.

 Қала тұрғындары елшілерді өлтіреді. Өз еркімен берілмеген қаланы бір аптаға жуық моңғолдар қоршап, толассыз шабуылдан кейін қаланы басып алып, тұрғындарын түгел қырып тастаған.

 20 жылдан кейін келген еуропалық саяхатшы Плано Карпини Сырдарияның бойынан аяусыз қиратылған қалалардың орнын көргенін жазады.

Өркендеген қала моңғолдар шапқыншылығынан кейін тек                          ХІІІ ғасырдың ІІ жартысында ғана қайта жандана бастайды. ХІІІ ғасырда Сыгнах атауымен Қарақорымға барған армян патшасы І Гетумның қалалар тізімінде кездеседі.

Қала ХІІІ ғ аяғы – ХІҮ ғасырда қала Алтын Орда мемлекетінің саяси-маңызы бар орталықтардың бірі болды. Хорезмнен шыққан сауда керуендері Сығанақ арқылы Сібірге қарай бет алатын болған.  

ХІҮ ғасырда қала Ақ Орда мемлекетінің астанасы дәрежесіне көтеріледі. Ақ Орданың алғашқы билеушілері Ерзен хан (1315-1320 жж.) және оның ұлы Мүбарак қожаның (1320-1344 жж.) билік еткен тұсында Сығанақ Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығына айналады. Ақ Орданың алғашқы тәуелсіз ханы Ұрұс ханның (1361-1375 жж.) жарлығымен Сығанақта әртүрлі әсем ғимараттар бой көтереді. Тоқтамыс ханның тұсында (1380-1395 жж.) Әмір Темірмен арадағы нәтижесіз соғыстарының салдарынан Сығанақ қаласы зардап шегеді. ХҮ ғасырдың басында Әмір Темірдің немересі  Ұлықбектің (1409-1449 жж.) қарамағына өтеді. Алайда көп ұзамай қаланы 1423 жылы Ұрұс ханның немересі Барақ хан бағындырады.

ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. Сығанақ қаласы Қазақ хандығына қарайды. Алғашқы уақытта Қазақ хандығының астанасы болады. Қаланың үлкейгені сонша ортағасырлық парсы деректерінде Сығанақ базарында күніне 500 түйе сойылып өтетін болған.

Қаланың маңыздылығы туралы Зардыхан Қинаятұлының айтуынша Сығанақты астана еткен Ак Орда мемлекеті қазақтың алғашқы мемлекеті ғана емес, қазақ халқы оның ұлттық ой санасы қалыптасуының ұйытқысы (концентрат) болып табылады.

Соңғы орта ғасырларда Сығанақ талай қияметті басынан кешірді. Ақ Орда хандары мен Темір әулеті арасында, кейінірек қазақ хандары мен (Мұрындық, Қасым хан) Мұхаммед Шайбани, оның ұрпақтары арасында Сығанақ үшін талай кескілескен ұрыстар болды. Үздіксіз жүргізілген соғыстардың салдарынан қала әлденеше рет шабуылға ұшырап, қирап, сынып, ақыры XVII ғасырдың ішінде бір кездері салтанаты асып тұрған қала үлкен үйіндіге, төбешікке айналған.

 

А.Сайлау,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі

4597 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper