Анонс


Абай облысында біліктілік арттыру курсы өтті Таңдаулы

Бейсенбі, 30 Наурыз 2023 22:14
Абай облысында біліктілік арттыру курсы өтті KAZMUSEUM.KZ -  

Абай облысының музей қызметкерлері үшін «XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты біліктілік арттыру курсы ұйымдастырылды, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

Курс бағдарламасына сәйкес, Қазақстан музейлерін дамытуды үйлестіру-әдістемелік орталығының басшысы Нұрсерік Жолбарысұлы Жолбарыс «Музейдің көрме-экспозициялық қызметі» дәрісінде отандық музейлердегі көрме-экспозиция жұмысының мәселелері туралы айтып, бұл бағыттағы заманауи тәсілдерге тоқталды.

ҚР Ұлттық музейі Бас қор сақтаушысы Бәтеш Рахметжанқызы Ақпасова «Музейлік құндылықтары есепке алу, жинақтау және сақтау мәселелері» тақырыбындағы  дәрісінде музейлік заттардың қорға түсу жолдарына тоқталып (сыйға беру, сатып алу, ғылыми-этнографиялық экспедициялар, тәркілеу нәтижесінде), жәдігерлерді есепке алу, таңбалау тәртібі, музейлік құндылығы бар немесе жоқ заттарды топтастыру, сонымен қатар музейлік құндылықтарды сандық форматқа өткізу аясында есепке алудың «Музей» ААЖ-мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен ақпарат берді.

Консервация, реставрация және қолөнер бұйымдарын жасау қызметінің жоғары дәрежелі суретші-реставраторы Құралай Оралбайқызы Төлегенова«Музей заттарын қалпына келтіру және консервациялау» атты дәрісінде қазіргі уақытта музей заттарын қалпына келтіру мен консервациялау жұмыстарының маңыздылығы, қор сақтамаларындағы ережелер, Ұлттық музейдегі қағаз бұйымдарын сақтау және қалпына келтіру тәжірибесімен бөлісті.

Экскурсиялық қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі Аягөз Қанатқызы Сұлтанова «Музейге келушілермен өзара қарым-қатынастың интерактивті формаларының әдістемесі» тақырыптарындағы дәрісінде экскурсия жүргізудің заманауи технологиясы жөнінде түсіндірді.

Музей қызметкерлеріне арналған біліктілік арттыру курсына Абай облысы  музейлері - Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығы мен Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері қатысты.

Курс қорытындысында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

1379 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper