Анонс


Қазақстан музейлерінің мамандарына арналған біліктілік арттыру курсы өтті (ФОТО) Таңдаулы

Сенбі, 29 Қазан 2022 01:21
Қазақстан музейлерінің мамандарына арналған біліктілік арттыру курсы өтті (ФОТО) KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан музейлерін дамытуды әдістемелік-үйлестіру орталығының ұйымдастыруымен 2022 жылғы 27-28 қазан күндері «XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап» атты республикалық біліктілік арттыру курсы өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Біліктілік арттыру курсына Қазақстанның 25 музейінен 40 маман қатысты. Олардың арасында мемлекеттік музейлермен қатар жоғары оқу орындары мен өзге министрліктерге де қарасты музейлер бар.

 

«Өздеріңізге белгілі, 2020 жылғы наурыз айында Ұлттық музейде Қазақстан музейлерін дамытуды әдістемелік үйлестіру орталығы құрылған болатын. Орталықтың негізгі қызметіне еліміздегі музейлердің даму динамикасы туралы зерттеулер жүргізу, әдістемелік нұсқаулар дайындау, біліктілік арттыру курстарын ұйымдастыру жатады.  Орталық құрылған уақыт бүкіләлемдік пандемиямен тұспа-тұс келіп, көптеген іс-шара онлайн форматта өтті. Біраз уақытқа дейін үлкен көлемде басқосу өткізуге мүмкіндік болмады. Биыл осы мәселелерді қолғап алып, алғаш рет республикалық көлемде біліктілік арттыру курсын ұйымдастырып отырмыз.

Біз бұл жолы мемлекеттік музейлермен қатар, жоғары оқу орындарының музейлері, салалық министрліктерге қарасты музейлердің мамандарын қатыстырып отырмыз.

Курсты елімізге белгілі мамандар жүргізеді. Олар еліміздің мәдениет саясаты, музей ісі, ғылым саласында еңбектеніп жүрген әріптестеріміз. Бүгін осы әріптестеріміз тәжірибелерімен бөлісіп, Сіздерге барынша пайдалы ақпарат береді деп сенемін», - деді А.Сатубалдин.

Біліктілік арттыру курсына қатысушылар ҚР Ұлттық музейінің музейтанушы, қор сақтаушы мамандары мен ғылыми қызметкерлерінің дәрістерін тыңдады. Сонымен қатар, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Бозоқ» тарихи-мәдени музей-қорығының мамандары да курсқа дәріс оқуға шақырылды.

Курс кезінде «Музей ісіндегі мемлекеттік саясат» (Сәуле Бөрібаева), «Музей ісіндегі нормативтік-құқықтық актілер» (Олжас Мысыр), «Музей маркетингі мен менеджменті: отандық және шетелдік тәжірибелер» (Нұрсерік Жолбарыс), «Музейдің фандрайзинг стратегиясы» (Роза Мұхамеджанова), «Музей құндылықтарын жинақтау және сақтау мәселелері» (Ратай Төлепбергенова), «Музей құндылықтарын есепке алу мәселелері» (Тоғжан Әділбекова) және «Музейдің ғылыми-зерттеу жұмысын ұйымдастыру» (Қуат Адельчанов) тақырыптарындағы дәрістер қатысушылардың қызығушылығын тудырды.

Сондай-ақ, қатысушылар мамандарға сауалдарын қойып, кадр және құқықтық-ұйымдастыру мәселесі, мәдени-білім беру, ғылыми жобаларды қолға алу, қор сақтауда кездесетін проблемаларына қатысты сұрақтарына жауап алды.

Курс қорытындысында қатысушыларға бекітілген үлгідегі сертификат тапсырылды.

1461 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper