Анонс


Ақтөбе облыстық музейінің мәртебесін арттырған марапаттар

Сәрсенбі, 26 Мамыр 2021 01:25
Ақтөбе облыстық музейінің мәртебесін арттырған марапаттар KAZMUSEUM.KZ -  

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Рухани қазына — 2021» онлайн фестивалі өтті.

Фестивальдің облыстық кезеңінен өтіп, республикалық кезеңге жолдама алған облыстық тарихи-өлкетану музейі фестиваль қорытындысында «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, облыс мерейін үстем етті.

 Музей директоры Мейрам Дүйсенғалидің айтуынша, байқау шарттары бойынша бақ сынасқан музей фестивальге музей қорының 2019-2021 жылдардағы көрсеткіштері, келушілер мен қызметті пайдаланушылар саны, жаңа түсімдер, елімізде және шетелде қайта даярлау және біліктілігін арттырған қызметкерлер, музейдің ғылыми қызметі (археологиялық зерттеулер, этнографиялық экспедициялар, ғылыми-монографиялық зерттеулер, ғылыми және ғылыми-танымал басылымдардағы мақалалар, елімізде және шетелде өткізілген мәдени-көпшілік, мәдени-ағарту іс-шаралар, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында іске асырылған (асырылатын) жобалар, тұрақты форматта іске асырылатын жобалар, баспасөз ақпарат құралдарымен жұмыс (ақпараттық және PR-қызмет) және 2019-2021 жылдардағы негізгі кәсіби жетістіктері туралы материалдарды жолдады. Материалдарды жан-жақты саралаған қазылар алқасы фестиваль қорытындысында музей жұмысын жоғары бағалады.

 21 мамыр — Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесінде Көкшетау төрінде өткен салтанатты шарада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ідірісов музей директоры Мейрам Дүйсенғалиді ұжымның осынау үлкен марапатымен құттықтап, Мәдениет және спорт министрлігінің атынан арнайы Дипломы және ақшалай сыйлық сертификатын табыстады. Айта кетсек, өткен жылы «Рухани қазына — 2020» республикалық байқауында да музей «Үздік мемлекеттік музей сайты» номинациясын иеленді.

 «Рухани қазына» облыстық фестиваль қорытындысында облыстық тарихи-өлкетану музейі «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» және музейдің бөлім меңгерушісі Орынбасар Төлегенов «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациялары бойынша жеңімпаз атанды.

 Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шарада облыстық тарихи-өлкетану музейі мен Орынбасар Төлегенов облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Дипломдары және ақшалай сыйлық сертификаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, мерекелік шарада музейдің ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Қыдырғали Ермұқан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және қорларды ғылыми-зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің ғылыми қызметкері Әсел Оразова облыс әкімінің Алғыс хаты және ақшалай сыйлығымен марапатталды.

 Сонымен қатар музей Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұйымдастыруымен өткен «Кәсіптік практиканың үздік базасы» конкурсына қатысып, «Көсбасшы база: корпоративтік қатынастардың үздік жүйесі» номинациясы бойынша да жеңімпаз атанды.

Алдағы уақытта да музей мәртебесін арттыратын осындай игілікті жұмыстарымыз жалғасын таба бермек.

 

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бұқарамен байланыс жөніндегі менеджері

256 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper