Анонс


Кеңестік дәуірдегі Сыр өңірінің мәдениеті мен өнері: тарих пен тағылым

Сейсенбі, 06 Қазан 2020 16:08
Кеңестік дәуірдегі Сыр өңірінің мәдениеті мен өнері: тарих пен тағылым KAZMUSEUM.KZ -  

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Ақмешіт филиалының қызметкері Нұрлан Оспанқұловтың «Кеңестік дәуірдегі Сыр өңірінің мәдениеті мен өнері: тарих пен тағылым» атты мақаласы.

Аннотация: Мақалада автор Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдардағы Қызылорда облысының мәдениеті мен өнерін жан-жақты қарастырған. Атап-айтқанда, 1946-1991 жылдардағы Сыр өңіріндегі театр, көркемөнерпаздар шығармашылығы, жыршылық мектептер және т.б. мәселелерге талдау жасайды.

Кілт сөздер: КОКП , Театр, «Сыр Сұлуы», «Ленин жолы», фестиваль, Қ.Алдабергенов, Қ.Алдоңғаров, Б.Әлібеков, Д.Кенжебаев және т.б.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары үлкен қиындықтармен болса да Қызылорда облыстық драма театры халыққа қызмет етіп жатты. 1945 жылы Қызылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің 4 шілдедегі қаулысымен Қызылорда музыкалық театры қайта ашылды. Бірақ оның шығармашылық құрамын белгілеу өте қиынға соқты. Театрдың директоры Ә.Таласов, көркемдік жетекшісі болып Б.Э. Скоробогатов бекітілді. Шығармашылық топтың алғашқы әншілері мен музыканттары Н. Бекежанов ансамбліндегі көркем өнерпаздардан тұрды. 1945 жылы қыркүйек айында театр өзінің маусымын Алматы «кинотехникумы» деп аталатын оқу орнының алғашқы түлектерінің диплом жұмысы «Жорж Данден» спектаклімен ашты. Кейіннен Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Корпеш-Баян сұлу», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек», А.Гаджиевтің «Аршын Мал-алан» сияқты классикалық шығармалары сахналанды. Алайда, ауыр материалдық қиындық салдарынан 1948 жылы театр тарап, Шымкент пен Қызылорда қаласына бір театр – Шымкент қаласында орналасатын болды. 1959 жылы Қызылордаға Үштөбе қаласынан корей драма театры көшіп келді. Үш жылдан соң қазіргі облыстық драма театры Талдықорған қаласынан Қызылордаға көшірілді. Корей театрының көшіп келуі – Сыр бойындағы корей халқының жиі шоғырлануымен түсіндірілді. Бұл жылдары облыста корей тілінде «Ленин кичи» газеті шығып тұрды. Сонымен бірге облыстық радиода корей тілінде хабарлар таратылатын. Алайда, 1969 жылы корей театры қайтадан Алматы қаласына қоныс аударды. Ал облыстық қазақ драма театрын 1962 жылдан бастап Сақтаған Тұрлымұратов басқарды[1].

Театрдың іргетасы қалануына еңбек еткен актерлер Б.Балғынбаев, Ш.Мәденова, Х.Саурықов, Ш.Бәкірова, Қ.Көпбаева, Қ.Көпбаев, С.Рақышев, Т.Айнақұлов, Р.Тәшібаева, А.Манасбаева, Ж.Бағысова, Ә.Кәнетов, С.Шотықов және т.б. болды. 1970 жылы Республиканың барлық аймақтарынан қатысқан өнер шеберлерінің Алматы қаласында өткен облыс театрларының байқауында Қызылорда драма театры «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Осы жылы театрға Сыр өңірінің ақын, композиторы Нартай Бекежановтың есімі берілді. Республика көлемінде 1974-1978 жылдары өткізілген байқауларда Қызылорда театры екі мәрте екінші дәрежелі дипломға ие болды және шеберлердің ішінде суретшілер Жұмаш Әбіров пен Серік Пірмаханов, театр әртісі Әлия Арысбаева сол байқауларда жүлдегер атанды. 1966-1970 жылдары театр сахнасында 20 жаңа көрініс қойылды. Осы 5 жыл ішінде театр өнерпаздары 1200 жуық көріністер қойып, оны 200 мыңнан астам көрермендер тамашалады. Бұл кезеңде облыстың драма театрымен қатар аудан халықтарына 10 халықтық театр өз қойылымдарын ұсынып, қызмет көрсетті.

Театрдың бас режиссерлері болып әр кезеңде Мен Дон Ук, Р.С.Андрасян, М.Байсеркенұлы, Е.С.Оразымбетов, Әмір-Темір Хұсейін, Т.Өтебаев және т.б. еңбек етті. Ал суретшілер болып Ә.Әбдірахманов, Ж.Әбіров, С.Пірмаханов қызмет атқарды.

М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абай», М.Әуезовтің «Қаракөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», Ғ.Мүсіреповтің «Ақан сері - Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», Қ.Мұхамеджановтың «Бөлтірік бөрік астында», «Жат елде», Т.Ахтановтың «Әке мен бала», «Махаббат мұңы», С.Жүнісовтің «Қызым саған айтам», «Тұтқындар», О.Бодықовтың «Нартай», Қ.Мұқашевтің «Парторг» пьесаларын, У.Шекспирдің «Король Лир», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», К.Голдонидің «Екі мырзаға бір қызметкер», Н.В.Гогольдің «Үйлену», Ш.Айтматовтың «Ана-Жер-Ана», М.Кәрімнің «Айгүл елінде» және т.б. спектакльдерін сахналады, балалар мен бүлдіршіндер үшін «Екі дос немесе делдал қарға», «Ақылды Ақшақар» ертегілерін, «Қандыөзек» спектакльдерін сахналады. «Нартай бүлдіршіндері» атты қуыршақ театры жұмыс істейді. Шығармашылық жетістіктері үшін театр Бүкілодақтық венгр драматургиясы (1978), неміс драматургиясы (1980), КСРО халықтар дараматургиясы (1982) фестивальдерінің лауреаты атанды[2].

Мәдениет саласындағы үлкен жетістік – 1967 жылдың 28 мамырында облыс орталығындағы көркемөнерпаздардың байқауы болды. Облыстық байқауға 20-дан астам ұжымнан 900-ге жуық көркемөнерпаздар қатысты. Байқау негізінде 1967 жылдың 5 шілдесінде Н.В. Гоголь атындағы педагогикалық институты мен М.Мәметова атындағы педагогикалық училищесінің студенттері мен оқушыларынан «Сыр сұлуы» ән-би ансамблі құрылды. Ансамбльдің алғашқы ұйымдастырушысы, әрі көркемдік жетекшісі Мүлкаман Қалауов, ал хор ұжымын басқарған Алматы консерваториясының түлегі доцент Ақсұлу Манасбаева болды. 1967 жылдың 9-14 шілде аралығында ансамбль мүшелері республикалық байқауға қатысып 1-орынды иеленіп, 18 шілде де Мәскеудің Үлкен театрында өнер көрсетті. 1968 жылы шілде айында ансамбль Болгарияда өтетін студенттер мен жастардың дүниежүзілік IX- фестивалына жолдама алды. 1968-1969 жылдары ансамбль облыс аудандарында колхозшылар мен жұмысшылар алдында  көптеген концерттер берді. 1970 жылы «Сыр Сұлуы» халықтық ән-би ансамблі Молдавияның астанасы Кишинев қаласында өткізілген II Бүкілодақтық ән-би ансамбльдерінің фестиваліне қатысуға жолдама алды. 1971 жылы ансамбль туралы «Сыр Сұлуы» атты деректі фильм түсірілді [3, 64-п.].

     1971 жылдың 30 наурызынан – 9 сәуір аралығында Мәскеу  қаласында КОКП Орталық комитетінің XXIV-съезі өз жұмысын жүргізді. Елмен бірге Қызылорда өңірі де 9-бесжылдыққа аяқ басты.1970-жылдардың басындағы үлкен жетістіктердің бірі облыс орталығында Ғани Мұратбаев атындағы стадионның салынуы болды. Стадионның салынуы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Х.Ш. Бектұрғановтың табандылығының арқасында еді. Үлкен спорт жанкүйері Х. Ш. Бектұрғанов – жергілікті футбол клубы «Мелиораторға» (қазіргі «Қайсар») жаттықтырушылыққа қазақтың тұңғыш атақты кәсіби футболшысы Темір Санжарұлы Сегізбаевты шақыртты. 1971 жылғы республика біріншілігінде «Мелиоратор» Т.Сегізбаевтың басшылығымен 4-орынға шықты. Бұл жергілікті футбол клубының ең үлкен жетістігі болып қалды. 1970-80 жылдары жергілікті футбол мектебінің түлегі Әбіл Қалымбетов 20 жылдан астам уақыт жанкүйерлердің мақтанышы болды.

Облыстағы мәдени-ағарту жұмысының қол жеткен табыстарына клуб мекемелерінің қосқан үлесі зор болды. 1946 жылы Қызылорда облысында 105 клуб, 60 автокөлік, 250 кітапхана, облыстық театр, 6 халық университеттері тағы басқа көптеген мәдени мекемелер жұмыс істеді [4]. Клуб үйлерінде мәдени-көпшілік жұмыстарының үнемі ұйымдастырылуы халықтың эстетикалық талғамдарын жетілдіруге зор үлес қосты. Клубтар жанында драмалық, музыкалық үйірмелер жұмыс істеді. Мәселен, 1955 жылы осындай клубтарға көркемөнерпаздар үйірмесіне 1500 адам қатысып, көрермендерге 250 концерттер мен 12 спектакльдерін көрсетті.

Облыстағы халықтық шығармашылықты дамытып, жетілдіруде көркемөнерпаздар ұжымының маңызы зор болды. Атап айтқанда, 1959 жылдан бастап үздік көркемөнерпаздар ұжымдарына «Халық театры» деген атақ беріле бастады. Халық арасынан шыққан шынайы өнерпаз таланттардың арқасында мұндай атаққа 1971 жылы 5 ұжым ие болса, 1976 жылы олардың саны – 13-ке жетті.

Жыршы, термешілер Қ.Алдабергенов, Қ.Алдоңғаров, Б.Әлібеков, Д.Кенжебаев, А.Тұяқбаев, осы өнердің шынайы жанашырлары Ш.Төлепова, Ә.Әбуов, Н.Ойнарова, Ә.Еңкебаев, Ж.Аққұлов, Қ.Бүрлібаев, А.Сәрсенбаев, Б.Рүстембеков, А.Алматов, С.Мырзаев, Р.Әшімов, Қ.Мананбаев, М.Ысқақов, Г.Суханбердиева, Ә.Жаңабергенова т.б. 1975 жылдан бастап Сыр термесін қазақ жұртшылығына ғана емес көптеген шетелдіктерге таныстырды. Алмас Алматов Франция, Германия, Скандинавия елдеріне, Қуандық Бүрлібаев Жапонияға барып, әуез мамандарынан лайықты баға алды. Басқа жыршы, термешілер жекелеп те, топтасып та Монғолия, Ресей, Украина, Әзербайжан, Саха елдеріне сапар шекті, халықаралық Лорд конференциясына, Великий Устюг қаласында өткен фольклор мерекесіне қатысты.

Жастарды осы салаға бағыттау, бұл өнерді үлкен ауқымда насихаттау кеңінен қолға алынып, Қармақшының өзінде Жиенбай, Тасберген, Сәрсенбай, Шәмшат жыраулық мектептері ашылды. Жаңақорғанда Манап, Шиеліде Нартай, Аралда Нұртуған, Жаңаберген мектептері жұмыс істей бастады. Айтыстың жүйелі түрде өткізіле бастауы 1979 жылы қолға алынды. І облыстық ақындар айтысында М.Көкенов, М.Қыраубаев, Б.Өтепов, М.Тұрсанов, Е.Қоңқабаев ақындық дарынымен жарқырап көрінді. 1950-1980 жылдары облыс көлемінде айтыс өнерінің дамуына Қазақстанның халық ақыны Манап Көкенов зор еңбек сіңірді. 1980 жылы кезекті ІІ айтыс, ал 1982 жылы КСРО-ның 60 жылдық мерекесіне арналып ІІІ айтыс өткізілді. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығы құрметіне өткізілген ІV айтыс пен Қазан төңкерісінің 70 жылдығына арналған V айтыста С.Өтеуілов, О.Нұрмаханов, С.Ыдырысов, С.Пірманов, А.Өтебаев, Б.Жаппасбаева, Б.Тәңірбергенов  және т.б. шеберліктерін шыңдады. 1990 жылы өткен VІ облыстық ақындар айтысы Қазақстанның 70 жылдығына арналды. Онда жүлделі орындарды М.Тұрсанов, З.Ибадуллаев, С.Ыдырысов иемденді [5, 199-б.].

 Сонымен қатар облыс көлемінде тұрып, еңбек еткен бейнелеу өнері өкілдерінің ішінде көрнектісі Республиканың еңбек сіңірген өнер қайраткері, график-суретші Қайырбай Зәкіров болды. Оның туындылары елімізде, шет елдерде лайықты бағасын алды. Оның жеке сурет көрмелері облыс көлемінде жиі-жиі өткізіліп отырды.

1980 жылы облыста 750-ден астам көркемөнерпаздар ұжымы өнер көрсетті. Олардың құрамында 15 мың өнерпаздар өз шеберліктерін елге танытты. Озат көркемөнерпаздар топтарының іс-тәжірибелері насихатталды. Сондай-ақ, 255 мәдени мекемелер және көптеген кинотеатрлар жұмыс істеді. Сонымен қатар облыстың кәсіпорындары мен мекемелерінде, колхоздар мен совхоздарда, мектептер мен жоғары оқу орындарында 12 мыңнан астам адамды қамтитын көркемөнерпаздар ұжымдары жұмыс істеді. 15 халық коллективі, оның ішінде 7 халық театры, 4 ән-би ансамблі, 3 халық аспаптар оркестрі тағы да басқа өнер коллективтері еңбекшілерге мәдени қызмет көрсетті.

Облыстық мәдениет бөлімін әр жылдары басқарған Т. Есенгелдин, Ж.Байхожаев, Ә.Байшуақов, К.Асқаров, Ж.Байхожаев, Б.Досмаханова, Ж.Үмбетов, Н.Ерімбетовтердің өлке мәдениетінің дамуында өз қолтаңбаларын қалдырғаны сөзсіз.

 Соғыстан кейінгі жылдары Қызылорда топырағынан шыққан, есімдері  облыс, республика жұртшылығына танымал аса көрнекті ақын-жазушылар мен өнер қайраткерлері - Асқар Тоқмағамбетов, Әбділда Тәжібаев, Мұхамеджан Қаратаев, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Айтбай Хангелдин, Сәбира Майқанова, Роза Бағланова, Сұлтан Хожықов, Қалтай Мұхамеджанов, Сахи Романов сияқты ақындар мен жазушылар, әртістер мен суретшілер т.б. бұрынғысынша облыстың даңқын әйгіледі. Сондай-ақ, 1960-80 жылдары Қызылордалық ақын-жазушылардың жаңа буынының өкілдері - Зейнолла Шүкіров, Оразбек Сәрсенбаев, Оразбек Бодықов, Жақсылық Түменбаев, Қомшабай Сүйенішов, Шөмішбай Сариев, Адам Мекебаев, Айжарық Сәдібекұлы, Әскербек Рахымбеков, Махмұтбай Әміреев, Қази Данабаев, Сайлаубай Жұбатыров, Серік Байхонов және т.б. алдыңғы ұрпақтың лайықты мұрагерлері болды.

Композиторлар Мұрат Сыздықов, Бексұлтан Байкенжеев, әншілер Әлмырза Ноғайбаев, Мәдина Ералиева, Алмас Алматовтың шығармашылығы облыс көлемінен тыс жерлерге танымал болды. Елімізге белгілі атақты әншілердің жеке орындауларында біздің жерлестеріміздің туындылары жиі шырқалды.   

Облыстық «Ленин жолы», «Путь Ленина» және аудандық газеттердің редакциялары ұжымдарында аймақтың шығармашылық өкілдері топтасты. Аталмыш басылымдарда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі кезеңдері бейнеленді. Әсіресе, 1986-1991 «қайта құру» жылдары жергілікті басылым дар сарынының баяу да болса ілгерілегендігін байқауға болады. Редакция ұжымдары көптеген шығармашылық конкурстардың ұйтқысы болып, талантты жастар қабілетінің ашылуына септігін тигізді.

1991 жылы 30 сәуірде Қызылорда жергілікті теледидарының тұңғыш рет эфирге шығуы осы жылдың басты мәдени жаңалықтарының бірі болды. Бұған дейін  тұрғындар облыстық радионың қызметімен шектелетін. Қазақстан Республикалық телерадио корпорациясы Қызылорда облыстық филиалының тұңғыш директоры болып Қазақстан парламентінің болашақ депутаты Әбжәлел Бәкірұлы тағайындалды.   

Жалпы алғанда, соғыстан кейінгі уақыттан тәуелсіздікке дейінгі аралықта баяу да болса Қызылорда облысының мәдениетінің дамуында оң өзгерістер жүрді. Бұл кезеңде облыстың оқу-ағарту, білім, ғылым саласында, әдебиет пен өнердің дамуында қомақты ілгерілеушіліктер болды. Әкімшілік-әміршіл жүйенің идеологиялық ықпалына қарамастан, облыстың мәдени-ағарту мекемелері тұрғындардың әлеуметтік-мәдени сұранысты қанағаттандырылып отырды. Әсіресе, білім беру саласы мен мәдени қызмет көрсету бағытында қол жеткен жетістіктер елеулі еді. Дәстүрлі кеңестік практикада қабылданған әлеуметтік-мәдени салаға қаржы бөлудің "қалдықты" принципіне қарамастан көптеген мәдени ошақтар пайда болды. Халықтың білім дәрежесі көтеріліп, рухани баюындағы театр, музейдің рөлдері өсті.

 

Нұрлан  ОСПАНҚҰЛОВ, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің

Ақмешіт филиалы

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. А.Айдосов, Ы. Қалиев, М. Кереев. «Қызылорда». – «Тұмар». – 2005. – 296 бет.

2. Тұғыры берік Сыр елім. Қызылорда. «Тұмар», 2011. 220 бет

3. Қызылорда Облыстық Мемлекеттік Мұрағаты. 377-қор, 1-т, 1281-іс.

4. Идеологиялық жұмыстардың дәрежесін арттыра түсейік. Қызылорда қалалық партия комитетінің жиналысы. //Ленин жолы, 1951, 6 ноябрь.

5. Сыр өңірі тарихы (көне заманнан бүгінге дейін):-Алматы, «Атамұра», 1998-288 б.

 

2406 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper