Анонс


БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевтың 5 жылдық есебі (ВИДЕО)

Сенбі, 04 Сәуір 2020 18:49
БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевтың 5 жылдық есебі (ВИДЕО) KAZMUSEUM.KZ -  

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев музейде соңғы 5 жылда атқарылған жұмыс жайлы есеп берді, деп хабарлайды kazmuseum.kz сайты.

- Атқарылған істі тиянақтап, есеп беру маңызды. Болашаққа жоспар құру – саланы дамытудың сенімді кепілі. Музейде өткеннің даңқты жолы жатыр. Оны келешектің көшіне ілестіріп, ел кәдесіне жаратудың жолы қандай? Соның жолын іздейміз, - дейді Мирболат Бижанұлы.

Назарларыңызға музей директорының жылдық есебінің мәтіні мен видеосын ұсынамыз.

 

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры М.Ерсаевтың 5 жылдық есебі


Музей-ең әуелі ғылыми зерттеу мекемесі, ол өзі жинаған жәдігерлері арқылы зерттеушілерге негіз боларлықтай қор жинаушы, осыдан барып ғылымға айналысқа түсуге негіз жасайды. Осындай тарихтың  қоймасындай болып отырған Батыс  Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі өңірдің өткені мен бүгінгісін жинақтап, зерттеп, ұрпаққа жеткізіп отыратын киелі орын. Негізі ХІХ  ғасырдың 1- жартысында қаланған, облыстық музей қоры замана үнімен жаңғырып, жылдан–жылға аса құнды көненің көзіндей тарихи жәдігерлермен толығуда.  

Батыс Қазақстан облысы бойынша 22 мемлекеттік музей бар. Оның ішінде:

  • облыстық- 2;
  • қалалық-8;
  • аудандық-10;
  • ауылдық- 2;
  • қоғамдық негіздегі музейлер-23.

Бүгінде облыс бойынша музейлер қорына 5 жыл ішінде 22 059 жәдігерлер  түсіп, қазіргі уақытта 200 063 бірліктен астам жәдігерлер сақтаулы.

2018-2019 жылдары мәдениет ұйымдарын оңтайландыру барысында 6 музей облыстық музейге бөлім  болып қосылды. Қанатын кеңге жайған музейдің 18 бөлімі халыққа қалтқысыз қызмет көрсетуде. Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде барлығы 296 адам қызмет етеді.

2015-2019 жылдары БҚО тарихи-өлкетану музейлері бойынша 111 қызметкер біліктілік сынағынан өтті.

Музей қызметкерлерінің еңбектері  мемлекет тарапынан бағаланып, әр түрлі марапаттарды иеленді:

ҚР мәдениет министрлігінің «Мәдениет қайраткері» төсбелгісімен: 2 қызметкер;

ҚР мәдениет министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен : 2 қызметкер;

«Өнер саласының үздігі» төсбелгісімен: 3 қызметкер;

«Үздік өлкетанушы төсбелгісімен -3 қызметкер

ҚР Президентінің «Құрмет грамотасымен»: 1 қызметкер;

Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы «Еңбек даңқы» төсбелгісімен: 10 қызметкер;

ҚР мәдениет және спорт министрлігінің,  Батыс Қазақстан облысының әкімдігінің, Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы «Құрмет грамотасымен», Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының «Алғыс хатымен»: 139 қызметкер марапатталды.

Музей қызметкерлері әр жылдары тәжірибе алмасу мақсатында ғылыми-тәжірибелік конференцияларға баяндамаларымен қатысып, сертификатқа ие болды. Соның ішінде, 3 қызметкер  Ресей Федерациясының Татарстан Республикасы, Набережные Челны қаласында өткен «Родной край: история и современность» атты VIII Бүкілресейлік ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Таксайская принцесса», «Природа и экология родного края» баяндамаларымен және  АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында V Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына «Сапа менеджменті: іздеу және шешімдері» баяндамасымен қатысып, сертификатқа ие болды.

ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасында іс- тәжірибе алмасу мақсатында өткізілген семинарға облыстық музейдің экспозиция және көрмені жабдықтау бөлімінің меңгерушісі Асылжан Мырзабулатова қатысып, Пекин, Синин, Ланьчжоу қалаларының музейлерінде болып қайтты. 

БҚО тарихи-өлкетану музейі республика көлемінде Әзірет-Сұлтан мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығымен, Ростов облысындағы Шолохов мемлекеттік музей-қорығымен, Көкшетау қаласындағы Мәлік Ғабдуллин, Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейі, Атырау, Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейлерімен және «Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Музей қорына сатып алынған жәдігерлерге тоқталсақ, 2015-2019 жылдар аралығында облыстық музей қорына 28 145 100 теңгеге 797 құнды жәдігер сатып алынды: соның ішінде ХІХ-ХХ ғ.ғ.тән ханның ақ зерлі шапаны мен бас киімін, кәдесыйлар, нумизматика коллекциясын ерекше атауға болады. Тұрмыстық заттар, әр түрлі ұлттардың костюмдері киілген қуыршақтар, суретші Мұратбек Жоламановтың картиналары, ХІХ-ХХғ.ғ. шәй жабдығының жиынтығы, он екі қанатты киіз үй ішкі жабдықтарымен, күйші Құрманғазының домбырасының көшірмесі, «Рухани жаңғыру» музейінің экспозициясына  қажетті ХІХ ғасырға тән антикварлық жәдігерлер алынды.

2015-2019 жылдары облыстық музей қызметкерлерінің  ұйымдастыруымен көптеген мәдени-көпшілік шаралар, жобалар, жылжымалы көрмелер жүзеге асты.

2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы болды. Бұл жылы еліміз Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Конституциясының 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын ерекше атап өтті. Осыған орай өңірімізде  белгіленген атаулы күндерге Батыс Қазақстан облыстық музейі де өзіндік үлесін  қосты. 

Ассамблеяның ашылуы облыс бойынша Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінен бастау алды. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Ақ Жайық – Достық мекені» атты көрмесі жабдықталды.

Сонымен қатар, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Бөкей ордасы  ауданы Хан ордасы ауылында «Елдіктің терең тамыры» тақырыбында мәдени-көпшілік шаралар өтті. Аталмыш шараға музей қызметкерлері де «Тарих пен тағылым» атты көрмемен қатысты. 

Қостанай қаласында өткен Батыс Қазақстан облысының  мәдениет және өнері күндері аясында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі Қостанай қаласының  орталығындағы «Мирас» мәдениет сарайында  «Батыс Қазақстан – Еуразия жүрегінде» атты тарихи-этнографиялық  көрме  жабдықтады. Көрмеге музей қорындағы «Алтындар» коллекциясынан Тұңғыш, Лебедевка обаларынан табылған қазбалар қазынасы мен «Тақсай» құндылықтары шығарылды.

Археологиялық  қазба жұмыстарының  жүргізілген зерттеулері негізінде б.д.д.VІІ ғасырда  сармат-савромат  тайпалары қоныс еткен мекендерден табылған көшпелі халықтың зергерлік бұйымдары: атап айтсақ -  Қырық  Оба, Елекшар, Бұлдырты қорғандарынан табылған  алтын жапсырмалар, алтын шекеліктер, сырғалар, сақина, жүзік, түймелер, Володарка қорғанынан табылған күміс фаларлар т.б құндылықтар жұртшылықтың зор қызығушылығын туғызды.

Сонымен қатар, жергілікті археологтардың қазба жұмыстары нәтижесінде табылып,  б.д.д ҮІ-Үғ жатқызылған «Алтын ханшайым» мүсіндік-реконструкциясы мен абыз әйелдің тұтынған заттарының көшірмесі  өзі анықталған «Тақсай оба кешенінде» жұртшылық назарына ұсынылды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлері туралы жәдігерлер негізінде «Ерлік пен Жеңіс» атты көрме жабдықталып, тарихи-тағылымды шара өтті.

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Қадыр Мырза Әлидің туғанына 80 жыл толуына орай «Поэзия пайғамбары» атты көрменің ашылуы  мен еске алу кеші өтті.

Елорда күніне орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Тәуелсіздік залының экспозициясы  өзгертіліп, ҚР Тұңғыш Президенті Елбасының  өмір жолы көрсетілген жаңа экспозиция жабдықталып «Елбасы және Тәуелсіздік» залы ашылды.

Осыған орай музейдің 8 залы да қайта жасақталып, жаңғыртылды.

ҚР Ұлттық музейінде жүзеге асырылған «Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен Қазақстан» жобасы аясында Астана қаласында Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі қорынан  «Тарихы терең Ақ Жайық» атты көрме жабдықталды. Оған музей қорынан ХІХ-ХХ ғасырдың зергерлік бұйымдары мен батыс өңірін мекен ететін өзге ұлт өкілдерінің киімдері қойылды.

2016 жылы ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде бірқатар жобалар жүзеге асты. Соның ішінде  музейдің көрме залында өткізілген «Жауқазын-2016» жобасы «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына - 25 жас талантты» анықтауды мақсат етті. Оған облыстың барлық аудандары қатысты.

Жоба қорытындысы бойынша облыстың ең дарынды  25 жасы анықталып,  олардың қолынан шыққан туындылар музей қорына тапсырылып, марапатталды. «Жауқазын» атты  кітап  шығарылды.

2016 жылы облыстық музейде «Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстанның полиэтностығының тарихы» атты жаңадан зал ашылды.

БҚО тарихи-өлкетану музейінде  әр жыл сайын 18 мамыр - Халықаралық музейлер күніне орай  «Ашық есік күні» мен «Музейдегі түн» акциясын өткізу жолға қойылды.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай  Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндері аясында  жабдықталған «Ақ Жайық-ару мекенім» атты көрме «Бейбітшілік пен келісім» сарайында Астана  тұрғындарының назарына ұсынылды.

Осы жыл аясында облыстық  музейдің ұйымдастыруымен Астана қаласындағы ҚР Қарулы Күштері Әскери-тарихи музейінде суретші,  ҚР Жас суретшілер бірлестігінің мүшесі Мұратбек Жоламанның туғанына 50 жыл толуына арналған  «Асығып аққан ақ жұлдыз»  атты көрме жабдықталды.

2017 жылыБҚО тарихи-өлкетану музейінде «Ел іші өнер кеніші» жобасы бастау алды. Жоба аясында жергілікті қолөнершілердің туындыларынан  «Көкейімде бар әлем», «От рукоделия к бизнесу» көрмесі жасақталды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы дала құндылықтары» жобасы жүзеге асты.

Жоба  негізінде музей қорындағы құндылықтар  облыс аудандарына жеткізіліп, сармат ханшайымын, ХҮІІІ-ХІХғғ тән зергерлік әшекей бұйымдарды облыс жұртшылығы тамашалай алды.

Елордада өткен «ЕХРО-2017» мамандандырылған халықаралық көрме аясында Астана қаласы «Қазанат» ипподромында орналасқан этноауылға облыстық музей қорынан  «Жайықтың жауһар мұралары» атты көрме шығарылды.

Сонымен қатар, ҚР Тәуелсіздік  күні Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Орал қаласында еліміздегі тұңғыш «Рухани жаңғыру» музейі ашылды. Музей  «БҚО киелі жерлері», «Ұлттық баспасөз тарихы», «Батыс Алаш Орда тарихы», «Жаңарған өлке» деп аталатын төрт залдан тұрады. 

2018 жылыБҚО тарихи-өлкетану музейі «Виртуальный экспонат» атты жобасын іске асыра бастады. Жобаны жүзеге асыру барысында Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінде және Olke.kz сайтында «Тақсай тарағы» бейнеоролигі таралды. Жобаның негізгі мақсаты: қордағы сирек кездесетін көне жәдігерлермен көпшілікті таныстыру, электрондық нұсқадағы жәдігерлерге қолжетімділік жасау, музейге келушілерді тарту.

Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде өткізілген Мәдениет  және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» республикалық фестивалі аясында «Үздік аудандық маңызы бар музей» номинациясын С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі жеңіп алып, бір миллион теңге құрайтын сертификат иеленді.

Сонымен қатар аталмыш фестивалға қатысушылар  «Батыс жауһарлары» көрмесі аясында облыстық музейі қорынан «Ақ Жайық сенің орнын алабөтен..» көрмесін тамашалау мүмкіндігіне ие болды.

Осы жыл ішінде күйші-композитор Құрманғазы Сағырбайұлының туғанына 200 жыл толуына орай «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні» атты Халықаралық ғылыми экспедициясы ұйымдастырылды.

Экспедиция маршруты БҚО Қаратөбе, Жаңақала, Жалпақтал (Көктерек ауылы) аудандары, РФ Астрахань облысы Володар ауданы Алтынжар ауылы болды. Оған музей қызметкерлері мен  өлкетанушылар, мәдениет саласының басшылары қатысты.

Экспедиция нәтижесі бойынша  «Жаһандану әлемі және Құрманғазы Сағырбайұлының мәңгілік мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтіп, «Күй құдіреті» кітабы жарық көрді.

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Қазақстанның әр облысынан  музей басшылары мен қызметкерлері қатысуымен  «Жайықтың қасиетті орындары» атты республикалық өлкетанушылар форумы өтті. Форумға қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерінің географиясына БҚО бойынша енген жеті қасиетті нысандарда болып,тарихымен танысты.  Елбасымыз өз Жолдауында - 2019 жылдыЖастар жылы деп жариялаған болатын.      

Осыған орай, БҚО тарихи-өлкетану музейінде «Музейстар-2019» атты жобасы бастау алды. Жобаға БҚО жоғары оқу орындары қатысты. Атап айтқанда: М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан Аграрлық Техникалық Университеті, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, Ж.Досмұхамедов атындағы Жоғары педагогикалық колледжі қатысып, көрмелері жабдықталды.

Халықаралық музейлер күніне орай Батыс Қазақстан облыстық тарихи – өлкетану музейінде  «Бабалар мұрасы – ұрпақ қазынасы» атты мәдени көпшілік шаралар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, қазан айында «Музейлер шеруі» жалпы республикалық акциясы аясында музейде «Көне дүние күмбірі» атты «Музей түні» шарасы өткізілді.

Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде  әскери плакаттардан тұратын «Үшінші майдан»  және ҚР Ұлттық музейінде Батыс Қазақстан облысы суретшілерінің туындыларынан  "Жазира-Жайық" атты көрмелер жабдықталды.

Орал қаласында қазақтың асыл ұлдары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлына  арналған ескерткіштің ашылуына орай  Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Бабамыздың өршіл рухы өшпейді» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция оздырылды.

2019 жылдың сәуір айында облыстық музейде  «Маркетинг технологиялары және цифрландыру» бөлімі ашылды.

Музей ісінде маркетинг стратегиясын  қолдану нарықтық экономикада музейлерді табысқа жетелейтін басты бағыттардың бірі. Өлкеміздің құндылықтарын брендке айналдыру,  көпшілікке музей жәдігерлерін заманауи түрде жеткізу бағытында жәдігерлер цифрландырылуда. Облыстық  музейі қорындағы құндылықтар негізінде «3D форматтағы интерактивті кітабы» басылымға әзір тұр. 3D форматта  жәдігерлерді жан-жақты қарау мүмкіндігіне ие.  Музей залдарындағы жәдігерлерге QR кодтар қойылады.

Бүгінде балаларға арналған өлке құндылықтары енген  бояу кітапшалары шығарылуда. Жәдігерлер салынған магниттер мен күнтізбелер музейге келушілер тарапынан сұранысқа ие.

Ресей Федерациясының Самара облысында өткен этнотарихи фестивалінде  БҚО тарихи-өлкетану музейі қорынан «Нить времен» атты этнокөрме жабдықталды. Көрмеге киіз үй жабдықтары, XVIII-XIX ғғ. тән зергерлік бұйымдар коллекциясы  қойылды.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музеолог Нұрсерік Жолбарыс, Л.Гумилев атындағы Еурази ұлттық университетінің докторанты Назгүл Қадрымбетова, Қазақстан ұлттық телеарнасының жүргізушісі  М. Мәдәлінің қатысуымен  музей қызметкерлеріне мотивациялық серпіліс беру мақсатында «ХХІ ғасырдағы музей маманы: кәсіби  біліктілік пен мансап»  тақырыбында облыстық семинар-тренинг өтті.

Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Ұлы Даланың тарихы мен мәдениеті» жобасы аясында орындалған Бөкей ханның, Шығай ханның мөрлерінің қайта қалпына келтірілген нұсқасы музей-қорыққа салтанатты тапсырылды, сонымен қатар Ұлттық университеті жүзеге асырып отырған «Қазақстанның аридтік аймақтарында сумен қамтудың дәстүрлі әдістері: этнологиялық және геоархеологиялық тұрғыда қарастыру» атты іргелі ғылыми жобасы аясында «Хан Ордасы» құдығы қайта қалпына келтіріліп,  құдықтың ашылу салтанаты өтті.

Туған өлке тарихына қызуғышылықтарын арттыру мақсатында маусым айында «Көне Сегізсай» тақырыбындағы Шыңғырлау ауданында археологтардың халықаралық  симпозиумы өтті. 

Симпозиумге  әр жылдары  Көне  Сегізсай  қорғандарынан  табылған жәдігерлермен жұмыс жасаған археолог, антрополог және тарихшы ғалымдар қатысты. Олардың ішінде Мәскеу қаласынан тарих ғылымдарының докторы А. С. Балахванцев, тарих ғылымдарының кандидаты Е. П. Китов, Самара қаласынан тарих ғылымдарының докторы  А. А. Хохлов пен В. Н. Мышкин, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы басшысы Б. Жұмабаев болды.

Симпозиум жұмысы далалық семинармен жалғасты. Ғалымдар тобы Елекшар қорымындағы құлпытастармен танысып, «Хасен хазірет» мешітінде болып, обаларды аралап, пайым-пікірлерін ортаға салды.

Елбасының «Архив-2025» бағдарламасы аясында Сырым ауданы Сырым Датұлы туған мекенінде «Дат» мешітінің орны табылып, мұрағаттық құжаттар негізінде сол мекенде тұрған адамдардың толық тізімі анықталды. Осы ақпаратты нақтылау мақсатында Сырым ауданы Жетікөл ауылдық округінде экспедиция ұйымдастырылды.

2019 жылдың 4-15 қыркүйек күндері Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңында ашылған  «Ақжайық этноауылында» қазақтың киіз үйі тігіліп, музей қорындағы ұлттық  құндылықтардан  қойылған көрмені қала халқы тамашалай алды.

          2019 жылы музейлерге келушілер саны 133 045 болса, ол 2015 жылдан бастап бес жылмен салыстырғанда 36 643  адам болып, яғни 38% -ға артып отыр.

2019 жылы жүргізілген экскурсиялар саны - 8754. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда экскурсия саны 31% -ға артып отыр;

2019 жылы көпшілік шаралар саны -  510  болса, бұл 2015 жылдан 5 жылдық көрсеткіш бойынша 36%-ға өсіп отыр.

Музейлерде 2015 жылы көрмелер саны 265 болса, 2019 жылда  338-ге жетіп, 28%-ға артып отыр.

2015 жылы – 202 дәріс өткізілсе, 2019 жылы музейде 265 дәріс оқылды. 5 жылдық есептік көрсеткіш бойынша бұл 31%-ға өсіп отыр.

2019 жылда ақылы қызметтен түскен табыс 10 489, 9 теңгені құраса, яғни бес жылда 3 466, 2 теңгеге артып, 49 % пайызға өсті.

Үстіміздегі 2020 жылғы жоспарларға тоқталар болсақ, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай облыстық музей филиалы А.Пушкин музейінің экспозициясы Абай деректерімен толықтырылып, қайтадан жасақталады.

Себебі қазақтың ұлы даласын орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннің ең таңдаулы туындысымен таныстырған ұлы Абай болатын. Сондықтан бұл экспозициядан көрермендерге ұлы ақындар үндестігін көрсету көзделуде.

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай облыстық музейде Ресей Федерациясының Волгоград облысынан «Сталинград майданына қатысқан қазақстандық жауынгерлер» атты жылжымалы көрме жабдықталады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықаралық этно-тарихи фестиваль ұйымдастыру жоспарға қойылып отыр.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқын Жаңа 2020 жылмен құттықтауында-елімізде кең көлемде, үлкен тарихи мерейтойлар аталып өтетінін айтты. Осыған орай қазақ халқының тарихында елеулі орын алатын Алтын Орданың 750 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны, композитор, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы,  Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Конституцияның 25 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерей тойларына  БҚО музейлері  де  өз үлестерін қосып, көрмелер жабдықтап, дәрістер өткізіп, насихат жұмыстарын жүргізіп, белсенді атсалысады.

Елбасының «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» атты мақаласында  айтылғанындай, туған өлкеміздің  тарихын кеңінен таныту мақсатында музейлер де өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаратын болады.

2028 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper