«Есік» қорық-музейінің халықаралық байланыстары

Сейсенбі, 09 Сәуір 2019 14:03
«Есік» қорық-музейінің халықаралық байланыстары KAZMUSEUM.KZ -  

Музей қызметі қоғамдағы өзгерістермен, қоғам дамуымен тығыз байланысты өрбіп отыратындықтан, әр заманның алдына қойған мақсат-мүдделеріне сай, музей ісі де сол қоғамның жаршысы іспетті қызмет атқаратыны мәлім [1]. Әсіресе музей  ісінде заманауи өзгерістер тұсында халықаралық байланыстар үлкен мәнге ие. Әлемдік біртұтас мәдени және ғылыми кеңістікке ену қорық-музейлердің дамуы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі құрылғанына аз уақыт болса да біршама нәтижелі жұмыстар атқарылды. Күн сайын атқарылатын қауырт жұмыстың сыртында халықаралық байланысты басты назарға алып, халықаралық байланыстарды дамытуға ерекше мән беріп келеді. Соның айғағындай соңғы жылдарда «Есік» қорық-музейі Корея Республикасының, Қытай Халық Республикасының ғылыми мекемелерімен. Дания мемлекетінің антропологтарымен және Ресей Ғылым академиясының археология институтымен тығыз байланыс орнатып үлгерді.

Осы шетелдік мамандармен бірлесе жасалған ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2013 жылы Алтын адамның сүйегі деп болжанған қаңқа сүйекті зерттеуге еліміздің алдыңғы қатарлы антрополог мамандары мен шетелдік антропологтар Андраш Биро (Венгрия) және Егор Китовқа  (Ресей) көрсетілді. Антрополог мамандардың барлығы бірдей қаңқа сүйек 16-18 жастағы адамға тиесілі деген ортақ пікірге тоқталды. Одан кейін ресейлік антрополог Александра Китова қаңқа сүйектің рентген түсірілімін 1970 жылғы түсірілген фотосуреттермен және сызбалармен салыстырып, қаңқа сүйектің Алтын адамға тиесілі екенін растайтын қорытынды жасады. Қаңқаны зерттеудегі келесі қадам –  генетикалық зерттеу жүргізу жұмыстары еді. Сүйектің Алтын адамдікі екеніне көз жеткізген соң оған генетикалық зерттеу жүргізу керек болды. 2015 жылы Даниядағы Копенгаген университетінің «GeoGenetics» орталығының профессоры Эске Виллерслев басшылығымен, генетик Питер Дамгаард қаңқаның бірінші шынашақ сүйегіне, екінші рет  бұғана сүйектің бір бөлігіне палео ДНК зерттеу жұмысын жасады. Алғашқы зерттеу нәтижесінде қаңқа сүйектің сақ кезеңіне тән екендігі анықталған мен сүйектің  ДНК-сының бүлінуінің салдарынан (бөлшектеніп кеткен) басқа нәтиже алу мүмкін болмай шықты. Дания елінде жүргізілген зерттеулер «Shejire DNA» жобасының жетекшісі Нұрбол Баймұхановтың қолдауымен іске асырылды [2].        

 «Есік» қорық-музейінің археологтары 2016 ж бастап Оңтүстік Кореялық Daehan (Дахан) мәдени құндылықтар институты, Маһан мәдени құндылықтарды зерттеу институты, DOHG-SEO мәдени құндылықтар институты, Сеул Ұлттық университетінің тарихи зерттеулер институты сынды төрт ғылыми-зерттеу мекемесінің өкілдерімен бірлесе отырып Өрнек қорымында археологиялық қазба жұмыстарды атқарған еді. Нәтижесінде сақ дәуіріне жататын әйел қабірінен қыш ыдыстар мен алтын әшекейлері бар құнды заттар табылды. 2017 және 2018 жылдың шілде айларында корей мамандармен бірлескен зерттеу жұмыстары жалғастырылды.  Бұл жолғы зерттеу жұмыстары Рахат және Өрнек обалы қорымдарына барлау жұмыстары жасалынды. Сондай-ақ екі ел  арасындағы ынтамақтастық жұмыстың қортындысы ретінде «Есік» қорық-музейінде Қазақстан мен Корея Республикасының біріккен «Ұлы Жібек жолы бойындағы Достық және Әріптестік» естелік-белгісі қойылды. Естелік-белгінің салтанатты ашылуына ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Арыстанбек Мұхамедиұлы, Корея Республикасының Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен, Алматы қаласындағы Корея Республикасының бас консулы Жон Сын Мин, Кенсанбук-до аймағының халықаралық қатынастар елшісі Жо Зуң Чоль, Өркениеттер алмасуы институтының директоры Зон Су Ил және тағы басқа меймандар қатысты. Бұл естелік-белгі Корея Республикасының бастамасымен 2013 жылдан бастап Корея, Қытай, Иран, Өзбекстан, Түркия, Үндістан сынды Ұлы Жібек жолы бойындағы елдерде қойылған. Қазақстанда мұндай ерекше белгіні тұңғыш орнату мәртебесі ежелгі Жібек жолының бойында жатқан «Есік» Мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің еншісіне бұйырды.

 «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі 2015 жылдың қазан айынан бастап (Қазақстан) мен Шәнши облыстық археологиялық мәдениет басқармасы (Қытай) арасында мәдени мұраларды қорғау мақсатында ынтымақтастық туралы алғашқы уағдаластыққа қол жеткізді. 2016 жылдың маусым айынан бастап «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі мен Шәнши облыстық археологиялық институтымен жасасқан № 1 келісім-шарт негізінде 2017 жылдың мамыр-шілде айларында «Есік» қорық-музейінің қорғау аймағындағы орналасқан атақты сақ-үйсіндердің Рахат қала жұртына, сонымен қатар қала маңындағы ескерткіштерге жалпы көлемі 32 м² аумаққа алғашқы барлау және қазба жұмыстарын жүргізді. 2018 жылы көлемі 200 м² аумаққа археологиялық барлау және қазба жұмыстары жалғастырылып нәтижесінде ерте темір дәуірінен бастап орта ғасырға дейінгі аралықтағы бұйымдар табылды. Барлау жұмыстарының нәтижесінде табылған қыш күйдіруге арналған пештердің бірі сол жердегі төбелердің адам қолымен жасалғандығы туралы болжамды растады. Қытайлық мамандармен біріккен барлау жұмыстары алдағы 3 жыл бойы жалғасады.

2018 ж. қазан айында Жапонияның Тоба қаласындағы Мәдени мұраны зерттеу комитетінің төрағасы, Жапонияның фольклорлық қоғамының мүшесі, Тоба қаласының жергілікті тарих қоғамы төрағасының орынбасары Хашимото Ёгиши «Есік» қорық-музейінің экспозиция залдарын тамашалап, сосын дөңгелек үстелге қатысты. Жиында Алтын Адамның ашылу және зерттелу тарихы, Жапониядағы ғылыми-зерттеу мекемелерімен байланыстар орнату мәселелері талқыланды.  

  Сонымен қатар, 2018 жылдың 18-24 қаңтары аралығында құрамында «Есік» қорық-музейінің ғалым-хатшысы Д.Қ. Зікірия да бар Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік қолдау орталығы «Kazmuseum.kz» қоры ұйымдастырған, Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің қолдаған арнайы іссапар бойынша  Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында бір топ қазақстандық  музей қызметкерлері «Музей саласындағы жаңа технологиялар: «Музей реставрациясы, қор сақтау және музей туризмі» атты халықаралық тағылымдамаға қатысып қайтты. Тағлымдама барысында қазақстандық топ Анкара қаласындағы бірнеше музейлер жұмысымен танысып, әріптестерімен кездесті. Ал, осы сапардың ресми кезеңінде Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Мәдени мұралар және музейлер бас дирекциясының басшысы Ялчын Курт бастаған музей басшылары мен қызметкерлері қазақстандық делегациямен кездесіп, екіжақты пікір алмасты. Осы сапар барысындағы мәліметтер бойынша «Есік» қорық-музейі Түркияның Акдениз университетімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Болашақта Түркия археологтарымен де бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары іске асып қалуы мүмкін.

 «Есік» қорық-музейінің халықаралық байланысының арқасында еліміздің символы болған Алтын адам тарихын әлем танып жатыр деп айтсақ артық болмас. Өйткені музейге келген шетелдік туристердің саны күн сайын артуы соның дәлелі болмақ. Сондай-ақ 2018 жылы ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті ұйымдастыруымен Париж қаласында өткен «IFTM Top Resa 2018» және Лондон қаласында өткен «WTM London» Халықаралық туризм және саяхат көрмесіне қатысып қайтты. Бұл көрмеде «Есік» қорық-музейі «Алтын адам» тарихымен, мәдениеті туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Халықаралық көрмеге келген 230 елдің туризм саласының мамандары орта азия елі, әсіресе Қазақстанға аса қызығушылығын білдірді.

 Қорық-музей ұжымы халықаралық байланысын жақсы ұйымдастырудың арқасында музей ісіндегі тәжірибелердің молаюына, археологиялық ғылыми-зерттеу істерінде шетелдік алдыңғы қатарлы технологиялармен танысуға мол мүмкіндік береді.  «Есік» қорық-музейі Корея, Қытай, Ресей, Түркия мемлекеттерінде өткен халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарларға жиі қатысып, ғылыми жинақтарға мақалалар жариялап отырады. Сонымен қатар музей қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында аталған мемлекеттердегі ғылыми ұйымдары мен музейлерде іс-тәжірибеден өткізуге де  жіберіп отырады. Мұндай іс-шаралардың пайдасы ұшан-теңіз. Атап айтсақ, біріншіден халықаралық байланыс арқылы шетелдің музей ісінің даму жолдары мен әдіс-тәсілдерін үйреніп музей қызметкерінің ғылыми деңгейі көтерілді, екіншіден, музейлер мен ғылыми және мәдени-білім беру мекемелері арасындағы ғылым, мәдениет салаларының ықпалдастық аясы кеңейе түседі деп айта аламыз.    

 

Жазира ҚҰРБАНӘЛІ,

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері

 

  1. Музееведение. //Учебное пособие. Под редакцией К.Г.Левыкина и В.Хербста. М., Высшая  школа, 1988, – С. 431.
  2. «Алтын адамның» ашылу тарихы мен Тәуелсіздіктің символына айналуы
6742 рет оқылды
comments powered by HyperComments
JoomShaper